×

Астанада балаға қол жұмсаған тәрбиеші айыппұлмен құтылып кетті

Сот тәрбиешінің аяғы ауыр екенін ескеріп, шешім шығарды

 Дастан Жұмабекұлы 30.09.2022 | 16:50
фото: ашық дереккөз

Астана қаласында Алматы ауданының №2 аудандық соты балаға қол жұмсаған Балаларды дамыту орталығының тәрбиешісіне қатысты айыптау үкімін шығарды.

«Сотта балалар мекемесінің тәрбиешісі өз міндеттерін орындамағаны және оның биылғы жылдың 12 қаңтарында кәмелетке толмаған Ш.-ның басына соққы жасағаны анықталды. Мойын, кеуде, сол қолындағы көгерулер және сол қолындағы сызаттар сотталушы К.-ның кінәсінен болғаны туралы дәлелдер анықталмады», –  делінген хабарламада.

Сонымен қатар, СМС қорытындысы бойынша, баланың оң жақ жауырын, сол жақ тізе буыны жеріндегі көгеру түріндегі дене жарақаттары 5-7 күнде тексеруге дейін, яғни бала ауруына байланысты балабақшаға бармаған кезде пайда болуы мүмкін екендігі нақтыланды. 

«Прокурор Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша төрт жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленуші Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша жаза тағайындауды және моральдық шығын мен өкілдік шығындарын өндіруді сұрады. Қорғаушы тарап К.-ны қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқтығына байланысты ақтауды сұрады. Айыпталушы тек алақанымен бір ұрғанын қоспағанда, өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол өзін ақтауды сұрады», –  деді сот өкілдері.

Сот істің барлық мән-жайын ескере отырып, жауапкердің әрекетін қайта қарады. Жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайды – кішкентай баланың болуын, аяғы ауыр екенін ескеріп, шешім шығарды.

«Сот аталған құқық бұзушылықтың қылмыстық құқық бұзушылыққа жататынын ескере отырып, К.-ны үш жыл мерзімге педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 91 890 теңге сомасында 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салды», –  делінген хабарламада.

Сотпен жәбірленушінің пайдасына моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап 200 000 теңгені ішінара қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама