Бұл проблеманы түпкілікті шешетін уақыт жетті – Тоқаев
Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті жұртшылықпен кездесуде Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше әрі төл шежіремізде айрықша орны бар өлке екенін атап өтті.
Оның пікірінше, Семей заман талабына сай, ыңғайлы қалаға айналуға тиіс. Облыс орталығы өнеркәсіптер мен көліктерге емес, қала тұрғындарына қолайлы мекенге айналуы қажет. Семейді дамыту жұмысын жоспарлаған кезде жоғары стандарттарға сай тың урбанистикалық тұжырым керек. Әсіресе, «жасыл қала» идеясына ерекше назар аударған жөн.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозғанын айтты.
Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті, – деді ол.
Ол Семейде жазда ыстық судың болмайтынын, ал қыста үйлердің жылынбайтынын назар аударды. Қаладағы Жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатқанын да еске салды.