Саясаткердің мамандығы – агроном
«Ауыл» ХДП партиясы атынан президенттікке түсетін Жигули Дайрабаев сайлауға не үшін түсіп жатқанын айтып берді. Өзінің айтуынша, негізгі мақсаты – халықтың бірлігін сақтап, әрбір қазақстандықтың бай-қуатты өмір сүруі үшін еңбек ету, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Ұлы Абайдың айтқан сөзі бар, «Бас-басына би болған өңкей қиқым, мінекей бұзған жоқ па елдің сиқын?!» дейді. Сондықтан халықтың, сайлаушылардың сиқын кетірмеу керек. Қазақи мәдениет пен әдептілікті сақтап, бізге көз тігіп отырған әлем алдында мәдениетті, салиқалы, тәртіпті түрде осы сайлауды өткізсек деп отырмыз. Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Сондықтан сайлаудың әділ өтеріне, әділ күрес боларына сенемін», – дейді үімткер.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтіп, онда Жигули Дайрабевтың кандидатурасы президенттікке ұсынылған еді.
Бізде саяси кеңес бар, сонда өздерінше ақылдасып, содан кейін маған ұсыныс жасады. Менен басқа да азаматтар ұсынылған екен, бірақ менің кандидаттығыма тоқтапты. Сосын «сіздер сенім артатын болсаңыздар, елдің бірлігі үшін, ауыл шаруашылығын жақсарту үшін атсалысамын, білімім мен тәжірибемді жұмсаймын» деген пиғылмен сайлауға түскелі жатырмын, – дейді ол.
Жигули Дайрабаев енді сайлауалды бағдарламасын құруға кіріспекші. Сөйтіп, оны өзі саяси кеңеске ұсынады. Кеңес бағдарламаны қарап, алып-қосарын айтуы тиіс. Ал бұған дейін қоғамдық шаруашылықпен айналысып келген ол саяси бәсекеге тәжірибесі жете ме деген сауалға да жауап берді.
Қазақстанның алғашқы тәуелсіздігін жариялаған жоғарғы кеңестің 1994 жылғы 12-шақырылған депутатымын. Сонда 4 жыл депутаттық қызметте болдым. Аудандық партияда қызмет атқардым. Жиырма жылдай үлкен шаруашылық басқардым. Одан соң, қоғамдық ұйымды басқарып келе жатқаныма 9 жылдай уақыт болды. Бұл саясатқа жатпай ма?! – дейді Жигули Дайрабаев.
Айта кетейік, Жигули Дайрабаев Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген, ғалым-агроном.
Еңбек жолын ұжымшардан бастаған ол көп жыл бойы компартия қызметінде, ал тәуелсіздік алғаннан кейін Жоғарғы кеңес депутаты болған. Одан соң да ауыл шаруашылығы саласында түрлі шаруашылық ұйымдарын басқарып, соңғы қызметі – 2019 жылдан бері Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы болды.
Сонымен қатар, биыл 3 маусымда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағалығына сайланды.