Іс бойынша бес полицей айыпталып отыр
Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптады деп айыпталған полиция қызметкерлеріне қатысты сот отырысы кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Судья Бекмұрат Дүйсенбеков сот отырысында аудармашының болмауына байланысты процесті 6 қазанға шегерді. Оның бұл шешіміне жәбірленуші тарап қарсылық білдіріп, сот процесін әдейі созып жатыр деп бағалады.
Жәбірленуші Арнұр Тұралықов сотқа деген сенімі қалмағанын айтады. Оның сөзінше, сот пен айыпталушылар бірлесіп жұмыс істейді.
Өзімді тергеген кезде барлығын айтамын. Жауабын ғана күтемін. Сотқа келгім де келмейді. Ешқандай үміт жоқ, - дейді Тұралықов.
Ол сондай-ақ жеке басының қауіпсіздігіне алаңдап отыр. Оның сөзінше, қолында айыпталушыларға қатысты видео дәлел бар. Бүгінгі сот отырысында соны көрсетпек болған.
«Бүгін сотқа дайындалып келдік. Бірақ судья аудармашы жоқ деп отырысты кейінгі шегерді. Біз қорқатын болдық. Сот полицейлерді қамамай отыр. Маған айыпталушы полиция қызметкерлерінің әйелдері, туыстары келген сәті түсірілген видео бар. Мен оны прокурорға көрсеттім. Бұл – дәлел. Егер маған бір жағдай болса таңқалмаңыздар. Мұның барлығын сотта айтамын», - дейді Тұралықов.
Құқық қорғаушы Гүлмира Қуатбекова заң бойынша аудармашы болмаса сот процесін өткізуге болмайтынын айтады. Алайда жәбірленушілердің денсаулығы күн өткен сайын нашарлап жатыр. Сот процесінің созылуы да оларға ауыр тиіп жатқанын айтты.
«Жәбірленушілер сот отырысының кейінге шегерілгеніне наразылық білдіріп жатыр. Бүгінгі сот процесіне көптеген бақылаушы келді. Заң бойынша аудармашысыз сот отырысы өтпеуі керек. Бірақ өткен сот процестерінде не себепті аудармашы бір ауыз сөз аудармады? Осыған байланысты қорғаушылар мен жәбірленушілер бір-бірін түсінбей қалды. Жәбірленушілердің денсаулығы күн өткен сайын нашарлап жатыр. Біз олармен кешеден бері кездесіп, жағдайын біліп жатырмыз», - дейді Қуатбекова.
Айта кетейік, арнайы прокурорлар биыл 7-17 қаңтар аралығында Талдықорған қаласында жаппай тәртіпсіздік жасағаны үшін ұсталған 23 азаматтың азапталғанын дәлелдеді. Оларды үтік басып қинаған.
Қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша 5 полиция қызметкері күдікті деп танылды. Соның ішінде криминалдық полиция басқармасының 3 қызметкері, әкімшілік полиция басқармасының бір инспекторы және арнайы жасақтың бір қызметкері бар екені хабарланды.
4 тамызда қылмыстық іс сотқа жіберілді. Полиция қызметкерлеріне қатысты 10 қыркүйекте өткен сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Әсем Түсіпова судья Бекмұрат Дүйсенбековтен кепілмен бостандықта жүрген айыпталушыларды қамауға алуды сұрады.
Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы