×

Семей полигонынан зардап шеккендерге көмек беріледі – президент

Өңірдің жер қойнауы ядролық сынақтың кесірінен көп жылдан бері игерілмей келеді

 Дастан Жұмабекұлы 30.09.2022 | 15:21
фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының жұртшылығымен кездесуде Семей полигонынан зардап шеккендерге көмек берілетінін айтты.

Семейде еліміздегі негізгі медицина университеттерінің бірі орналасқан. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Менің тапсырмам бойынша Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек, – деді президент.

Президент өңірдің жер қойнауы полигонның кесірінен көп жылдан бері игерілмей келе жатқанын жасырмады. Сол себепті мемлекет басшысы облыс аумағында ауқымды геологиялық зерттеу жұмысын жүргізу қажет екенін айтты. Президенттің пікірінше, қазба байлықтар табылады. Тау-кен өнеркәсібі облыс экономикасын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының күрделі экологиясы халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасына әсер етіп отырғанын атап өтіп, Семей полигонындағы ядролық сынақтардан кейін жүздеген мың гектар жерге залал келгеніне тоқталды. Сонымен қатар Ертіс өзенінің ластануына, шоққарағайды сақтауға назар аударылды. Мемлекет басшысы әкімдікке өңірдің экологиялық мәселесін үнемі назарда ұстауды тапсырды.

Түрлі экологиялық бастамаларды жүзеге асыру үшін біз тұтас қоғам болып жұмылуымыз қажет. Халықаралық стандартқа және экологиялық нормаларға сай келетін қоқыс жинайтын жаңа полигон салу керек. Бұл жұмыс облыс әкімінің жеке бақылауында болуға тиіс. Энергетика министрлігі Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заң жобасын әзірледі. Биылғы сәуір айында бұл жобаны Мәжіліс мақұлдады. Енді оны тезірек қабылдап, таза жерді ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға беру керек, – деді президент.

Кездесуде Тоқаев Семей қаласының, Абай облысының Қазақстан тарихындағы орны ерекше әрі төл шежіремізде  айрықша орны бар өлке екенін айтып, халықтың денсаулығы үшін қолда бар жағдайдың бәрін жасайтынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама