Halyq Uni логотип
×

СҚО-да әйел алаяқтарға алданып, 5 банктен кредит алған

Күдіктілердің кінәсі дәлелденді

 Дәурен Ерболат 30.09.2022 | 13:17
СҚО-да әйел алаяқтарға алданып, 5 банктен кредит алған
Фото: polisia.kz

Петропавлда 8,5 млн теңгені ұрлаған интернет-алаяқтар сотталды деп хабарлады Polisia.kz.

25 және 30 жастағы алматылықтар қала тұрғынын алдап, 8,5 млн теңгесін қолды еткен.

Бір жыл бұрын өзін банк қызметкерімін деп таныстырған белгісіз адам Петропавл тұрғынына қоңырау шалып, оның атына қылмыскерлердің несие рәсімдегенін айтқан. Күдікті әйелге алаяқтардың әрекетіне кедергі жасау үшін кредит алып, ақшаны көрсетілген шотқа салуыңыз керек деп кеңес берген.

«Банк қызметкерінің» сөзіне сенген әйел 5 банктен кредит алған. СҚО полицейлері алматылық әріптестерімен бірлесіп, бұл қылмысқа қатысы бар бір топ күдіктіні анықтады. Алайда сот алдында 2 алматылық жауап берді.

Олар ақшаны қабылдап отырған. 30 жастағы күдікті бұрынғы банк қызметкері болған. Ол қаржы технологиясын жетік меңгерген. Күдікті жәбірленушілерден түскен ақшаны криптовалютаға айналдырған. Қылмыстық топтың мүшелері ақшаға мұқтаж адамдарды тауып, алаяқтық әрекеттерін іске асыру үшін олардан банк карточкаларын сатып алып отырған. Күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденді. 30 жастағы ер адам 4 жылға, 25 жастағы сыбайласы 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды, - деді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының басшысы Марат Жұмалиев.

Биыл 8 айда Солтүстік Қазақстан облысында 107 интернет-алаяқтық тіркелген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама