×

«Ұстазды құрмет тұтқан елміз». Тоқаев білім саласына қатысты мәселелерді шешуді тапсырды

Жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлінбек

 Динара Амантай 30.09.2022 | 12:03
Фото: postfactum.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысы жұртшылығымен кездесуі барысында өңірдегі білім саласын дамытудың маңыздылығына назар аударды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президент бәсекеге қабілетті және табысты ұлт болудың басты кепілі білім екендігін айтып, қазір елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып жатқанын жеткізді. Айтуынша, облыста алдағы уақытта 11 мектеп және 14 балабақша салу жоспарланған. Алайда бұл орын тапшылығын өтеу үшін жеткіліксіз болып отыр. Осыған байланысты Тоқаев Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі аталған мәселені біржола шешуді тапсырды.

Сонымен бірге мемлекет басшысы қоғамдағы ұстаз мәртебесін көтеруге бағытталған шаралар туралы да айтты.

Біз – ұстазды құрмет тұтқан елміз. Бұл сөзіміз нақты іспен бекітіліп жатыр. Арнайы Оқу-ағарту министрлігі құрылды. Біз бұған дейін «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заң қабылдап, оның аясында мұғалімдердің жалақысын өсірдік. «Әліппені» қайтардық. Орта білімді дамытуға бағытталған бірқатар жағымды өзгерістер бар. Осындай игі шаралар арқылы біз қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетеміз. Ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ол облыста қазіргі заманға қажетті, жоғары деңгейдегі, білікті мамандар даярлау үшін нақты шаралар қабылдану қажеттігіне тоқталды.

«Осы орайда, Семейде университеттердің жанынан IT саласы мен тілдерді тереңдетіп оқытатын мектептер ашылуы қажет. Аймаққа қажетті кадрларды дайындау үшін тиісті стандарт әзірлеген жөн. Жастарымыз сапалы білім алып, туған өлкесін дамытуға үлес қосуға тиіс. Сол себепті, облыстағы жоғары оқу орындарына қосымша 500 грант бөлуді тапсырамын», – деді мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама