Қырым татарлары Ресей әскерінің қатарына шақыру алды

Дастан Жұмабекұлы

1500 адам соғысқа аттанды

фото: ашық дереккөз

Қырымда кемінде 1500 қырым татары (қырымлы) Ресей президенті Владимир Путиннің мобилизациясына ілікті.

Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.

Украинаның Ресей әскерлері басып алған Қырым түбегінде 1 500 қырым татары әскерге шақыру қағазын алды, – делінген хабарламада.

Украина президентінің Қырым автономиясындағы тұрақты өкілі Тамила Ташеваның айтуынша, түбекте тұратын 250 мың қырым татары үшін бұл мөлшер өте көп, осындағы басқа халықтармен салыстырғанда, пропорцияның сақталмай тұрғаны анық көзге ұрып тұр.

Бізге кемінде 1500 қырым татарына шақыру қағазы таратылып берілгені белгілі болды. Бұл – Бахчисарай, Строгановка, Зуя, Саки, Азовское, Майское, Добровская долина секілді елді мекендерде шоғырланған қырымлыларға жаппай шақыру берілгенін білдіреді, – деді ол.

Оның айтуынша, қырым татарларының үлестеріне тиген шақыру қағаздарының саны олардың түбектегі жалпы сандарының мөлшеріне сәйкес келмейді. Қазіргі кезде оккупанттардың Қырымда қанша адамға шақыру таратып үлгергені белгісіз болып тұр.

Жалпы, Ресей билігінің мобилизациясына татар, башқұрт, қазақ, тыва, бурят, саха секілді аз санды халықтар көптеп тартылып жатқаны айтылып жүр.

Қазір Ресейде бұл шақылырысқа қарсы шығушылар қатары елдің барлық дерлік қалаларында бой көрсетіп жатыр. Мысалы, Дағыстанда бірнеше күнге созылған шерудің нәтижесінде жергілікті әскери комиссар мобилизацияны уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.