Өңірде жыл басынан бері қолданыстағы автожолдарға 1091 тексеру жүргізілді
Павлодар облысының жолдарында жолдарды қанағаттанарлықсыз ұстағаны және жұмыс жүргізу ережелерін бұзғаны үшін 174 лауазымды және заңды тұлғалар жауапкершілікке тартылды, оларға жалпы сомасы 5 232 620 теңге айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жолдардағы жөндеу жұмыстары жол қауіпсіздігі шараларын сақтай отырып жүргізілуі тиіс. Талаптарға сәйкес, жұмыс орнында жол белгілері, жарықтандыру, қоршаулар қойылуы керек. Егер күндізгі уақытта жүргізуші жолдағы кедергіні дер кезінде байқаса, түнгі уақытта көріну бірнеше есе нашарлайды, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Арман Абжанов.
Тәртіп сақшысы полиция қызметкерлері жолдарды үнемі тексеріп отыратынын айтып, бірнеше мысал келтірді.
Мәселен, Республикалық маңызы бар Павлодар-Қызылорда автожолының 132 км жол төсеміне тексеру жүргізу кезінде шұңқырларды жөндеу кезінде жолда жұмыс жүргізу қағидалары бұзылғаны, дәлірек айтқанда, жол жұмыстарын жүргізу кезінде жол белгілері болмағаны анықталды. Аталған бұзушылық үшін ЖШС-не ҚР ӘҚБК 631-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Тағы бір факт Ленин-Ақсу-Көктөбе-Үлкен Ақжар-Курчатов автожолында болды. 125-135 км учаскеде жолдарда жұмыс жүргізу ережелерін бұзушылықтар анықталды. Аталған бұзушылықтар бойынша ЖШС-не ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Арман Абжанов.
Спикердің айтуынша, Павлодар өңірінде жыл басынан бері 27 050 шақырымды қамтитын жалпы қолданыстағы автожолдарға 1091 тексеру жүргізілді, оның барысында 3380 ақау анықталды. Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға ұйғарымдар берілді.