Бизнес субъектілерін тексеру 7 есеге қысқарды
Елімізде бизнесті заңсыз тексерулерден және әкімшілік кедергілерді қысқартудан қорғауға, кәсіпкерлерді қылмыстық шеңберге негізсіз тарту фактілерінің жолын кесуге және осы салаларды цифрландыру мен автоматтандыруға қатысты бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов ведомствода өткен «Бизнестің прокуратура органдарымен кездесуі» форумында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бизнеске кедергі келтіру, заңсыз араласу мәселелері талқыланған отырысқа Бас Прокурор Берік Асылов, Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік Кеңесі, «Атамекен» ҰКП, негізгі министрліктер басшыларының, Парламент депутаттарының, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар, бизнес және адвокаттық қоғамдастық өкілдері қатысты.
Форумға қатысушылар Мемлекет басшысының кәсіпкерлердің проблемаларын шешу тапсырмасы бойынша нәтижелерімен таныс болды.
Жалпы, биыл Мемлекет басшысының бизнесті қорғау тапсырмаларын орындау мақсатында бизнесті тексеру 7 есеге қысқартылған. Тексерулер субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі (ТСОБТ) автоматтандырылған жүйе арқылы жыл сайын мыңға жуық заңсыз тексерулердің жолын кескен. Соңғы бір жарым жылда 35 мың кәсіпкерге қатысты 1,5 млрд теңгеге әкімшілік айыппұл алынып тасталған.
Жиында баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев биыл бизнес субъектілеріне қатысты заңсыз қылмыстық істердің тоқтатылғанын айтты.
Оның айтуынша, құзырлы органдар пандемия кезінде бизнесі тұралап қалған кәсіпкерлерге «жығылғанға жұдырық» болмай, жөнсіз мазаламай, керісінше «жағдайын жақсартуға дәнекер болу» керек.
Биыл Бас Прокурордың 2 қыркүйектегі қылмыстық қудалау органдарының атына адал кәсіпкерлерді қылмыстық процеске заңсыз тартудан қорғайтын тетіктер мен нақты ережелер жазылған нұсқауын бизнес өкілдері оң бағалады. Жаңа талаптарды орындау қазірдің өзінде оң нәтиже көрсетті. Мысалы, егер бұрын кәсіпкерлерге қатысты ай сайын 150-ге жуық қылмыстық іс тіркелсе, қазір олардың саны төрт есеге азайды. Жалпы, биыл бизнес субъектілеріне қатысты заңсыз қойылған 400-ден астам қылмыстық іс тоқтатылды. Қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру, салықтан жалтару, капиталдың жылыстауы жалғасып жатыр. Мұндай заң бұзушылықтар көбінесе, үлестік құрылыста, еңбек құқықтарын және т.б. салаларда кездеседі, – деді Жандос Өмірәлиев.
Айта кетейік, биыл прокурорлар бизнес өкілдерін толғандырған бірқатар мәселені шешкен. 32 экономикалық құрамды ізгілендіруді жүргізген және ҚК-нің 28 бабы бойынша қылмыстық жазаны жеңілдеткен. 29 құрам бойынша (Экономикалық құқық бұзушылықтар бойынша) бизнеске қамауға алуды қолдануға тыйым салған. 10 құрам бойынша залалды толық өтеген кезде қылмыстық қудалауды тоқтатқан.
Мұның барлығы бизнеске қатысты қылмыстық істерді 5 есеге, тұтқындалғандар санын 2,5 есеге дейін қысқарған. Нәтижесінде бизнесті тексеруге қатысты тәртіп бірізге түскен.
Бизнеске қатысты тексерулер бойынша прокурорлар қабылдаған шаралардан хабардар болған қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді, көкейтесті сұрақтарын қойды.
Жиын қорытындысында Бас прокуратура, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Бизнес-Омбудсмен бизнестік қорғау жөніндегі үшжақты кешенді іс-шаралар жоспарына қол қойды.