Атышулы «Қазфосфатта» тағы 3 адам жарақаттанып, біреуі қаза тапты

Динара Амантай

Қажетті сот-медициналық және сот-құрылыс сараптамалары тағайындалды

Фото: Halyq Uni

Жамбыл облысында ер адам жұмыс орнында алған жарақаттан көз жұмды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 13 қыркүйекте сағат 16:20 шамасында Сарысу ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне аудандық ауруханадан 3 адамның түрлі дене жарақатымен жеткізілгені туралы хабарлама келіп түскен.

Анықталғандай, «Қазфосфат» өндіріс орнына тиесілі орталық байыту фабрикасының шатыры құлаған кезде олар ғимараттың ішінде болған. Соның салдарынан кәсіпорынның 58 жастағы жұмысшысы оқиға орнында көз жұмды.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 156-бабы 3-бөлігі (Еңбекті қорғау ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Сондай-ақ еңбек инспекциясымен арнайы тексеру жүргізіліп жатыр. Қажетті сот-медициналық және сот-құрылыс сараптамалары тағайындалды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлдары бақылайтын «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар өндіру зауытында жұмысшының қаза тапқаны туралы жазған болатынбыз.