Ақтөбе облысында полицейлер мыңға жуық киік мүйізін тәркіледі
Сотқа дейінгі тергеу басталды
Ақтөбе облысының полиция қызметкерлері 949 киік мүйізін тәркіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Ақтөбе облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, Самара – Шымкент тасжолында жедел іс-шаралар өткізу барысында 41 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Ваз-2110 көлігін тоқтатқан. Көлікте жүргізушімен бірге 61 жастағы жолаушы болды.
Көлікті тексеру барысында полицейлер жүксалғыштан ақбөкен мүйізі бар 7 қорапты тапты. Жолаушы қораптардың өзіне тиесілі екенін және мүйіздерді сатқысы келгенін түсіндірді. Қораптарда 765 дана киік мүйізі болды. Сонымен қатар ер адамның тұрғылықты жерінен тағы 184 киік мүйізі тәркіленді. Барлығы 949 дана киік мүйізі алынды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 339-бабының 1-бөлігі (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Осы баптың санкциясы мүлкін тәркілеп, 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.