×

Әлеуметтік жағдайы төмен 11 мыңнан астам адам заңгер көмегін тегін алған

Әділет министрі былтырғы жұмыстарды қорытындылады

 Халық үні 17.02.2022 | 15:30
фото: ашық дереккөзден

Қасым-Жомарт Тоқаев Әділет министрі Қанат Мусинді қабылдады. Президентке министрліктің былтырғы атқарған жұмыстарының нәтижелері мен 2022 жылы мән берілетін басым бағыттар жөнінде баяндалды. Биыл 26 заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауына енгізіледі деп жоспарланып отыр.

Тоқаевқа мемлекет мүддесінің қазақстандық және халықаралық соттарда қорғалуын қамтамасыз ету жайлы мәлімет берілді. Қазір министрлік 25 іс бойынша мемлекет мүддесін қорғау жұмыстарын жалғастыруда. Атап айтқанда, олардың 14-і халықаралық арбитраждардың, 5-уі шетелдік соттардың қарауында жатыр. Ал 6 іс сотқа дейінгі өндірісте, – дейді Ақорда.

Сонымен қатар Мусин сот актілерінің орындалуына қатысты жағдай әрі халыққа заңгер көмегінің берілуі туралы есеп берді. Оның айтуынша, 122 мыңнан астам азамат кепілдендірілген заң көмегін алған. Осы мақсатқа 1,8 миллиард теңге бөлінген. Әлеуметтік жағдайы төмен 11 мыңнан астам адам заңгер көмегін тегін алған.

«Мемлекет басшысы Әділет министрлігінің 2022 жылға арналған жоспарымен танысқаннан кейін әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілердің сапалы орындалуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған заңгерлік қызмет көрсету ісіне ерекше назар аударуды тапсырды», – делінген ақпаратта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама