Жобаның жүзеге асырылуы 800 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салуға мүмкіндік береді
«Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешуге бағытталған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Президенттің төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Министрдің айтуынша, жобаның жүзеге асырылуы 800 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салуға мүмкіндік береді. Жаңа қолайлы мектептердің қазіргі салынып жатқан мектептерден концептуалды артықшылығы мынада: құрылыстың бірыңғай стандарты сақталады, пән кабинеттері мен зертханалар толықтай жабдықталады, 1-4 сынып және 5-11 сынып оқушылары үшін дербес блок болады, спорт залдарының саны оқушы санына қарай есептеледі және 1-4 сынып пен 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек орналастырылады, әр мектепте қыздар мен ұлдарды еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар қарастырылады. Осы және өзге де жаңашылдықтар балаларымыздың дағдылары мен қабілеттерін жан-жақты дамытуға бағытталған.
Бұл ретте әкімдердің жеке жауапкершілігіне келесі жұмыстар берілген:
- мектеп салуға жер телімдерін беру;
- инженерлік инфрақұрылымды, жолдарды салу, қоғамдық көлік бағыттарын анықтау және т.б. жұмыстарды жүргізу;
- педагог кадрлармен қамтамасыз ету және мектептерді иелікке алу;
- мектепті пайдалануға берудің бекітілген жоспарын уақтылы орындау;
- жобаны іске асырудың алғашқы жылында оқушы орны тапшы аймақтарда мектептер салуды қамтамасыз ету.
Осыған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жобаны келесі жылдан бастап жүзеге асыру үшін биыл барлық қажетті нормативтік актілерді қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар ол Үкіметтің Samruk-Kazyna Construction-ды бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы ұсынысын қолдады. Осы ретте Президент бюджеттен бөлінген қаржының жұмсалуын қатаң бақылауға алу қажет екенін айтты.