Halyq Uni логотип
×

Қоқан-лоқы көрсетті: екі облыстың шаруалары шекарадағы жерді бөлісе алмай жүр

Павлодар мен Қарағанды облыстары арасындағы жер дауынан қарапайым шаруалар зардап шегіп отыр

 Данияр Айтпайұлы 17.02.2022 | 14:43
Қоқан-лоқы көрсетті: екі облыстың шаруалары шекарадағы жерді бөлісе алмай жүр
коллаж: Halyq Uni

Даудың басы – екі аймақтың шекарасы түйіскен аумақтағы 17 мың гектардан астам жер. Оны екі облыстың шенділері құжат жүзінде өз иеліктеріне өткізіп, жергілікті кәсіпкерлерге үлестіріп берген. Соның салдарынан қос тараптың шаруалары жер үшін таласып әлек.

Нақтырақ, бір жер учаскесінде екі қожайын пайда болды. Бірі Павлодар облысының кәсіпкерлері болса, екіншісі - қарағандылық шаруалар. Мәселенің ушыққаны соншалық, олар бір-біріне қоқан-лоқы көрсете бастаған.

Баянауыл ауданына қарасты Ұзынбұлақ ауылының тұрғыны Бұқар Нұрлан 2013 жылы ауылының жанынан 1400 гектар жер алып, шаруашылық ашқан. Бұл Қарағанды облысымен шекаралас орналасқан жер. Алайда, алаңсыз мал жайып келген жерінде осыдан бірнеше жыл бұрын жаңа қойжайын пайда болыпты.

«Мен ауыл маңындағы бұл аумақты ресми түрде жалға алып, жайылымдық жер ретінде пайдаланып келдім. Шетелден мал сатып алып, асыл тұқымды шаруашылықты дамытуды жоспарлап жүрген едім. Бірақ бір күнде барлық жоспарымның күл-талқаны шықты. 2019 жылы Қарағанды облысы, Осакаров ауданының бір кәсіпкері келіп, менің жеріме соқа түсіріп, жыртып тастады. Әрине, жеріме баса көктеп кіріп, өз білгенін істеп жатқан соң сөзге келіп, дауласып қалдық. Алайда ол да бұл жер теліміне заңды рұқсаты барын алға тартты», - дейді баянауылдық кәсіпкер.

2019 жылдан басталған жер дауы әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бұл тек Бұқар Нұрланның басындағы жағдай емес. Баянауыл ауданында тағы бес шаруа дәл осындай мәселеге тап болып отыр. Солардың бірі - шаруа қожалығының басшысы Естай Ақаровтың айтуынша, қарағандылық кәсіпкерлер қоқан-лоқы көрсете бастаған.

Көрші облыстық кәсіпкерлері жерімізді басып алғанымен қоймай, құқық қорғаушыларды ертіп әкеліп, жауапқа тартпақшы болды. «Сендерді құртамыз» деп қорқытатынды шығарды. Біздің де заңды құқымыз бар екенін айтып, құжаттарымызды көрсетсек те болмады, - дейді Естай Асқаров.

Ал павлодарлық жауапты шенділер даудың туындауына себепші болған жер телімдері Баянауыл ауданына тиесілі екенін айтып отыр.

«Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған жер кадастрінде бұл жер Павлодар облысының, соның ішінде, Баянауыл ауданының шекарасында жатқаны көрсетілген. Бұған Қарағанды облысының қатысы жоқ», - дейді Павлодар облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Руслан Дәуітбаев.

Қарағандылық шенеуніктер де алған бетінен қайтар емес. Ол жер Қарағанды облысына тиесілі екенін айтады.

«Аталған жер телімдері Павлодар облысына берілсін деген ешқандай ресми қаулы, я шешім жоқ. Жұмыс картасы бар, бірақ ол ешқандай құзіретті органдармен бекітілмеген. Сондықтан бұл жерді Павлодар облысының аумағына жатады деп айтуға болмайды», - дейді Қарағанды облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр.

Осылайша, екі облыстың басшылығы бірнеше жылдан бері бір шешімге келе алмай отыр. Соның салдарынан қарапайым шаруалар, кәсіпкерлер зардап шегіп отыр. Тіпті, шаруалар мәселелерін шешудің бір жолы ретінде мұрағат ақтарып кеткен. 1984 жылғы карта табылыпты. Онда жалпы аумағы 17 мың гектардан асатын даулы жер телімі Баянауыл ауданының аумағында екені көрсетілген. Бірақ, ол нақты дәлел бола алмай тұр, енді мәселе сотта қаралмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама