×

«Ұрлық ашылмайды, ұры ұсталмайды»: Жамбыл облысында малы жоғалған тұрғындар полицияға сенуден қалды

Жыл басынан бері 781 мал жоғалған

 Ұлдана Жұбай 28.09.2022 | 16:54
Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысында мал ұрлығы көбейді. Жыл басынан бері 781 мал бәзбіреулердің қолында кетті. Оның ішінде 139 жылқы бар.

Байзақ ауданы Ақжар ауылының өзінде жыл сайын 40-қа жуық мал жоғалды. Қазір оларды таба алмай отыр. Тұрғындардың сөзінше, аудандық полиция мен прокуратура қызметкерлері мал ұрлығына келгенде дәрменсіз.

Ораз Мелдібек – ата кәсіппен айналысып жүрген Ақжар ауылының тұрғыны. Малмен жан бағып отырған ол екі жылқысының қорада тұрып қолды болғанын айтады. Шаруа ұрының алыстан келмей­тініне сенімді. Оның сөзінше, барымташыларды бәзбіреулер «қорғап» жүр. Себебі мал ұрлығы ашылмайды, ұры да ұсталмайды.

«Өткенде ғана екі жылқымды ұрлап кетті. Содан полиция қызметерлері «табылды» деп, сүйінші сұрады. Қуанышты хабарды ести сала барсақ, «сіздің жылқы емес екен» деп шығарып салды. Жыл сайын малымыздан айырыламыз. Бұларға тосқауыл қоя алатын адам бар ма? Осылай жалғаса берсе, бала-шағамызды қалай асыраймыз? Бұл жерде кінәлілер – құзырлы органдар. Олар жұмыс істемейді не болмаса ұрылармен бірге іс бітіреді. Мал ұрланды деп арыз жазып барғанда, іздестірмейді. Соңында өзіміз сорлап қаламыз», – дейді ол.

Маржан Кәлінбекованың баласы ауылдың ауқатты азаматының үйір-үйір жылқыларын бағады. Осыдан бір ай бұрын тіс қаққан ұрылар жайылымда жүрген 17 жылқыны айдап кеткен. Ауыл тұрғыны құзырлы органдарға шығымданған, алайда еш нәтиже шықпаған.

«Көктемде 3 жылқысы жоғалды. Осы күнге дейін көрдім-білдім деген адам жоқ. Малды тауып берсін деп бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Қарайласып жатқан ешкім жоқ. Жақында тағы 14 жылқысы жоғалып кетті. Енді осыншама жылқының шығынын қалай өтемекпіз? Ұлым айлық та алмайды. Сол жоғалған жылқылардың қарызын тегін жұмыс істеп жауып жүр. Полиция қызметкерлерінің жұмысына көңілім толмайды. Ештеңе істемейді. Әйтпесе жылқылар жердің астына түсіп кетпейді ғой. Шын ниетпен іздесе, табылады», - дейді Ақжар аулының тұрғыны Маржан Кәлінбекова.

Тұрғындар соңғы рет аудандық полиция бөлімшесіне барған кезде не болғанын да айтты.

«Ауылда соңғы бір айда 40-қа жуық мал жоғалып отыр. Өткен жолы арызымды алып, Түймекент аудандық полиция бөлімшесіне барғанмын. Елдің жоғалған малын іздейтін адамға ұқсамайды. Бәрі жұмыс орнында отыр. Ел-жұрттан сұрап, ауыл арасын неге араламайды? Осылай жұмыс істемеген соң мал да табылмайды», - дейді  Ақжар ауылының тұрғыны Айнұр Тезекбаева.

Айта кетейік, Ақжар ауылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы Түймекент ауылдық округі құрамына кіреді. Бүгінгі күні елдімекенде  екі мыңға жуық тұрғын бар. Олардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады.

Ал тәр­тіп сақшылары былтырға қарағанда мал ұрлығының саны азайғанын айтады. Сондай-ақ қылмыс ашылған жағдай да көбейген.

«Облыс аумағында мал ұрлығының тіркелуі былтырмен салыстырғанда 17,3 пайызға азайды. Қылмыстың ашылу пайызы 52,2-ден 55,5 пайызға артты», - деді Жамбыл облыстық полиция департаментінің бөлім бастығы Қанат Қожамқұлов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама