ArtSport бағдарламасы бойынша 6 қылмыстық іс қозғауға негіз бар – прокурор
Алматыда тіркелмеген балалар мен жалған қызметтер үшін бюджеттен 2,5 млрд теңгеден астам қаржы төленді
ArtSport бағдарламасы бойынша 6 қылмыстық іс қозғауға негіз бар. Бұл туралы Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Рақышев спорттық және шығармашылық тапсырысты жүзеге асыру бойынша өткен қоғамдық жұмыс тобының отырысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, Бас прокуратураның тапсырмасымен Алматы қаласының прокуратурасы ArtSport бағдарламасына қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде айтарлықтай заң бұзушылықтар анықталды, 6 қылмыстық іс қозғауға негіз бар.
Біреуінің материалдары алынып, қылмыстық іс қозғалды. Қалғанына аудит, тиісті сараптамалар тағайындадық. Бірнеше миллион бюджет қаражатын жымқыру анықталды. Мұнда бюджет қаржысын ұрлау үшін нақты схема қолданылғанын көріп отырмыз. Біз осы бағдарламаның жұмысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеуіміз керек, - деді Нұрсұлтан Рақышев.
Сонымен қатар, ол бүгінгі күні прокурорлық қадағалау актілері енгізілгенін атап өтті.
«Бұған дейін спорт секциялары мен үйірмелерде бұрын сотталған және түрлі қылмыс үшін жауапқа тартылған 10-нан астам жаттықтырушы сабақ бергені туралы айтқанбыз. 3 мыңнан астам бала шетелде болса да, қағаз жүзінде үйірмеге тіркелген, 5мың сабақ өткізілмеген. Бұл ретте, еңбек шарттарын жасаспаған, зейнетақы аударымдары жүргізілмеген жаттықтырушылардың өздеріне қатысты да еңбек құқықтарының бұзылуына жол берілген. Бірнеше млн доллар залал келтірілді. Тексеру әлі жалғасып жатыр», - дейді прокурор.
Бұған қоса жүйенің жұмысына қатысты мәселелер де бар екендігі айтылды.
«Қазір біз тексеру комиссиясымен бірлесіп, бақылау-қадағалау органдарына жоқ ЖСН, басқа облыстарда тұратын балалар және тағы басқа алаяқтықтың жолын кесу үшін бағдарламаның өзіне техникалық аудит жүргізуді пысықтап жатырмыз. Жақында соңғы нәтижелері шығады», - деп атап өтті қала прокурорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Рақышев.
Сонымен бірге Алматы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Алтай Бердіқұлов жүргізілген аудиттің алдын-ала нәтижесі бойынша қаржыландыру мен тапсырыстардан заң бұзушылықтар анықталғанын айтты. Комиссия төрағасы келесідей заңбұзушылықтардың анықталғанын жеткізді:
- Жоқ ЖСН-ге 2,5 мың ваучер алынды;
- басқа өңірлерде тіркелген балаларға 18 мыңнан астам ваучер алынды;
- Алматыдан көшіп келген балаларға ваучерлер алынды;
- 4 жасқа дейінгі балаларға спорт секциясына 150 ваучер алынды.
Қазіргі қолдағы ақпарат бойынша, Алматыда тіркелмеген балалар мен жалған қызметтер үшін бюджеттен 2,5 млрд теңгеден астам қаржы төленді. Аудит қорытындысы бойынша адалдық танытпаған жеткізушілерге арналған материалдар құқық қорғау органдарына беріледі.
Еске сала кетсек, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Артспорт» жобасының жүзеге асырылуын қатаң сынға алғаны туралы хабарлаған едік.