Бүгінде елімізде 5300 ресейлік жұмыс істеуге ниет танытқан
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Ресей азаматтарына жұмыс істеуге шектеу қандай жағдайда қойылатынын түсіндірді деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, ЕАЭО шартына сәйкес, ресейліктердің Қазақстанда еркін жүріп, рұқсатсыз жұмыс істеуіне құқығы бар.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, кейбір ресейліктер Қазақстанға келіп, бірден (басқа елге, – автор) кетіп жатыр. ЕАЭО шартына сәйкес, қазақстандықтар аталған одаққа мүше елдерде рұқсатсыз жұмыс істей алады. Міне, тура осы сияқты ресейліктердің бізде рұқсатсыз еңбек етуге мүмкіндігі бар. Алайда олар Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, тиісті салаларда жұмысқа қабылдауға шектеу қойылады, – деді министр Мәжіліс отырысынан соң.
Тамара Дүйсенова елдегі қауіпсіздік мәселесіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті жауап беретінін атап өтіп, ресейліктерге Қазақстанда жұмыс істеуге қандай жағдайда шектеу қойылатынын түсіндірді.
Еңбек нарығына тоқталайын. Қазір Қазақстанда 8,7 млн адам жұмыс істеп жүр. Оның 90%-ынан астамы Ресейден келіп жұмыс істесе, онда оларды жұмысқа қабылдау тоқтатылады. Бүгінде ресейліктерге жұмыс тауып беру туралы тапсырма берілген жоқ. Мұндағы мәселе Қазақстанның халықаралық шарттарды толық орындауына қатысты. Бұл – міндет, – деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ ол елімізде қанша ресейлік жұмыс істеуге ниет білдіргеніне қатысты дерекке тоқталды.
«Кеше мен сіздерге 6508 адам туралы (жұмыс істеуге ниет білдірген – автор) айттым. Бүгін олардың саны 5300 адам болды, демек 1200-ге азайды. Тиісті нормадан асып кетсе, біз шектеу енгізу мәселесін қарастырамыз. Қазір сандар күн сайын өзгеріп жатыр», – деді Тамара Дүйсенова.
Еске салайық, биыл 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялаған еді. Кейін ресейліктер Қазақстан, Армения, Грузия елдеріне ағыла бастады