Саясат Нұрбек сарапшылармен ЖОО аккредиттеу мәселелерін талқылады

Динара Амантай

Министр сапа мәдениетін қалыптастыру және жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету міндеті жайлы айтты

Фото: Telegram/KZgovernment

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аккредиттеу органдарының жетекшілерімен кездесті, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараға Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (IAAR), Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттік (IQAA), Білім беру сапасын аккредиттеу және сараптау жөніндегі тәуелсіз агенттік (ARQA), Қазақстандық заманауи (элиталық) білім беру қауымдастығы (KAZSEE), Тәуелсіз Қазақстандық Аккредиттеу орталығы, Еуразиялық аккредиттеу және білім беру мен денсаулық сақтау сапасын қамтамасыз ету орталығы (ECAQA) өкілдері қатысты.

Басқосуда сарапшылар жоғары білім беру сапасын, аккредиттеу органдарының қызметін, жоғары оқу орындарын институционалдық және бағдарламалық аккредиттеу, сондай-ақ жоғары оқу орындарының рейтингінің өзекті мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша министр білім беру ұйымдарының сапа мәдениетін қалыптастыру және жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету міндеті жайлы айтты.

Әрбір білім алушының, оқытушының, сарапшының сапаға бейілділігі, білім беру ұйымдары мен аккредиттеу органдары қызметінің ашықтығы мен айқындығы сапаны қамтамасыз ету жүйесін құруға мүмкіндік береді, – деді Саясат Нұрбек.

Естеріңізге сала кетсек, заңнамаға сәйкес аккредиттеу ерікті негізде жүзеге асырылады және білім беру ұйымы аккредиттеу органын таңдауда дербес болады.