×

Электр энергиясы ақысын Қырғызстанға төлейтін ауыл үшін арзандатылған тариф бекітіледі

Жауғаш батыр ауылы тұрғындары ай сайын электр энергиясына 15-20 мың теңге төлеген

 Ұлдана Жұбай 28.09.2022 | 10:48
Halyq Uni

Энергетика министрлігі Қырғызстанның электр жүйесіне қосылған Жамбыл облысындағы ауылға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған дейін Меркі ауданы Жауғаш батыр ауылының Қырғызстанның электр жүйесіне қосылғанына 20 жыл болғаны хабарланды.

Тұрғындардың айтуынша, Жауғаш батыр ауылындағы әр үй электр энергиясы үшін ай сайын 15-20 мың теңге көлемінде төлем жасайды. Тұрғындар электр энергиясының ақысын төлеу үшін ай сайын Қырғызстанға барады. Электр ақысын теңгемен емес, доллармен төлейді.

Энергетика министрлігі бұл жағдай туралы естіген соң 15 қыркүйекте Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесіп кеңес өткізді. Жиынға Ұлттық экономика министрлігі мамандары, «Жамбыл электр желілері» ЖШС және «Жамбыл Жарық Сауда – 2030» ЖШС өкілдері де қатысқан.

Қырғыз электр энергиясын пайдалану үшін Бішкек қаласындағы «Электр станциялары» АҚ мен Жауғаш батыр ауылындағы «Ынтымақ» ЖК арасында келісімшарт бар екені анықталды. Соған сәйкес, тұрғындар қосымша құн салығы мен экспорт есептегенде 1 кВт/сағатына орта есеппен 90-100 теңге төлейді.

«Кеңес қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органның балансына қолда бар электр беру желілері мен ЖТҚС-10/0,4 кВм қабылдау және Жауғаш батыр ауылының тұрғындарына абонемент беру бойынша шаралар қабылдау туралы шешім қабылданды», - деп хабарлады энергетика министрлігі.

Сондай-ақ тарифті 1 кВт/сағат үшін 24 теңгеге дейін арзандату туралы тапсырма берілді. Енді Жауғаш ауылының тұрғындары электр энергиясы үшін арзандатылған баға бойынша төлем жасауы үшін электр желілері әкімдік балансына берілуі қажет. Содан кейін абоненттерді тіркеу жұмыстары жүргізіледі.

Қазір мамандар тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ кеңеске қатысушылар Жауғаш батыр ауылына барып, ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Айта кетейік, электр энергиясының бағасын Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитеті бекітеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама