Светлан Елямова 1,5 жылдан бері мәйітханадан жоғалып кеткен ұлының мәйітін таба алмай жүр
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының ақпаратына сәйкес, қазір ұйым өңір тұрғыны Светлан Елямованың шағымы бойынша құқықтық көмек көрсетіп жатыр. 2020 жылдың 27 желтоқсанында оның 1983 жылы туған ұлы Арманжан Мирзалимов үйінен кетіп, із-түссіз жоғалып кеткен. 2021 жылдың 11 қаңтарында Мирзалимовтың Еңбекшіқазақ ауданының Балтабай ауылында қайтыс болғаны анықталды. Марқұмның мәйіті сот-медициналық сараптамасын жасау үшін Есік аудандық мәйітханасына жіберіледі. Сондай-ақ мәйітті тексеру кезінде марқұмның жеке куәлігі мен заттары да табылған.
Алайда анасына баласының қайтыс болғаны туралы хабар тек жарты жылдан соң ғана белгілі болған, әрі оны құқық қорғау органдарынан емес, бөтен адамдардан естиді.
Оқиға орнына келген анасына мәйітхана қызметкерлері Мирзалимовтың мәйітін бере алмады. Себебі оның мәйтін таба алмады, тіпті оны жерлеу немесе басқа адамдарға беру туралы журналдарда қандай да бір жазбаның жоқ екендігі белгілі болды, - дейді «Әділдік жолы» РҚБ Алматы қалалық филиалының жетекшісі Бауыржан Мақұлбаев.
Елямова ұлының мәйтін жоғалу фактісі бойынша құқық қорғау органдарына шағымданған. Бірақ құзырлы органдар тек бір жылдан кейін ғана немқұрайлылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастапты. Алайда әлі күнге дейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде кінәлі адамдар анықталмаған және жауапқа тартылмаған, сондай-ақ мәйіттің тұрған немесе жерленген жері де анықталмай отыр.
«Сотқа дейінгі тергеу басталғанға дейін алты тергеуші ауысқанын айтып өткен жөн. Оның ішінде тергеуші болған Данияр Қалиев ішкі істер органдарынан мүлдем кетті, қазір Талдықорған қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде жұмыс істейді. Өтініш берушінің пікірі бойынша, ол (Данияр Қалиев – авт.) бастапқыда өзінің қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарады. Өйткені тергеу тобының құрамында оқиға болған жерді қарап шығуға (мәйітті табу фактісі бойынша) барып, марқұмның жеке куәлігін тауып (ол кейіннен түсініксіз себептермен жойылды), мәйітті мәйітханаға жіберді. Сондай-ақ сот-медициналық сараптамасын тағайындады, бірақ ол мәйіттің жеке басын куәландырудан бас тартты. Бұған қоса, ол қайтыс болған адамның жақын туыстарын анықтап, табуға рұқсат бермеді, ол үшін барлық мүмкіндіктері болды», - дейді Бауыржан Мақұлбаев.
Айта кетейік, марқұмның анасы мәйіттің жоғалуына байланысты шағымданғаннан кейін мәйітхананың жетекшісі тәртіптік жауапқа тартылған. Алайда әйел мәйітхана жетекшісінің жеңіл жазамен құтылғанына келіспейді. Ол кінәлі адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылуға тиіс деп есептейді. Әрі мәйіттің мемлекеттік мекемеден із-түссіз жоғалып кеткендіктен, ұлының өліміне қатысты да күдігі басым.
Қазір «Әділдік жолы» РҚБ Алматы қалалық филиалы Алматы облыстық прокуратурасын аталған сотқа дейінгі тергеудің заңдылығын бақылауын сұрап отыр.