6 кг гашиш пен 52 кг марихуананың заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қызылорда қаласында есірткі заттарын өсіруге және сақтауға қатысы бар Қазақстанның үш азаматының заңға қайшы әрекетінің жолын кесті.
Процессуалдық іс-шаралар барысында «гидропоника» әдісімен өсірілген 24 түп апиын көкнәрі, 2 түп сора мен 2 кг кептірілген марихуана алынды, – дейді ҰҚК.
Бұған қоса Қарағанды облысында өңірлік есірткі тобының өкілдері құрықталды. Олардың екеуі Саран қаласының тұрғыны болып шықты. Топтың есірткі заттарын Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен тасымалдап, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау әрі Саран қалаларында өткізгені анықталды.
Қабылданған шаралар нәтижесінде 6 кг гашиш пен 52 кг марихуананың заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді. Сотқа дейінгі тергеу материалдары қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді.