Қаңтардағы көпбалалы әкенің өлімі: күдікті полицейлер бостандықта жүр
Анафияев 12 қаңтарда Алматыдағы тергеу изоляторында қайтыс болды
Жасұлан Анафияев қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, 12 қаңтарда Алматыдағы тергеу изоляторында қайтыс болды. Марқұмның туыстары күдіктілердің бостандықта жүргеніне наразы. Олардың сөзінше, тергеушілер істің сотқа жеткенін қаламай отыр.
Жасұлан Анафияев – 6 баланың әкесі. Ол қаңтардың басында жиналғандардың арасында болған.
Марқұмның қарындасы Ләззат Анафияева ағасының өліміне қатысты күдіктінің барлығы бостандықта жүргенін айтты.
«Қылмыстық кодекстің 146-бабы («азаптау») бойынша 7 полиция қызметкерінің үстінен іс қозғалған. Іс аяқталуға жақын. Бірақ полицейлер ешқайда кетпеу туралы қолхат жазған, оларға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды. Бұл недеген әділетсіздік? Қол қойып, бостандықта жүре береді. Оның үстіне олар қаңтар оқиғасынан бері жұмыс істеп, жалақы алып жүрген», - дейді марқұмның қарындасы.
Сондай-ақ ол күдіктілердің бірі қамауға алынғанын, алайда полицейдің туыстары жиналған соң, прокуратура оны бостандыққа шығарғанын айтады.
Туыстары Жасұлан Анафияевтің денесін мәйітханадан алған кезде жедел панкреатиттен қайтыс болды деген құжат берген. Бірақ кейіннен жасалған сот-медициналық, сот-гистологиялық сараптама Анафияевтің 13 қабырғасы сынғанын көрсетті. Басы, мұрны, шүйде сүйегі жарылған. Дене жарақатының барлығы өлім тіркелгеннен бір сағат бұрын жасалған.
«Мәйітін мәйітханадан алған кезде «жедел панкреатиттен қайтыс болды» делінген қағаз берді. Тергеу изоляторына барған жедел жәрдем қызметкерлері жүрек-қантамыр жетіспеушілігінен қайтыс болды деді. Астанадан арнайы тергеу тобы келгеннен кейін сараптама тағайындалды. Заң бойынша, ашық сараптама жүргізілді. Осы жерде Жасұланды аяусыз, аса қатыгездікпен тепкілеп өлтіргені анықталды. 13 қабырғасы сынған. Басы, мұрны, самай сүйегі, шүйде сүйегі жарылған», - дейді қарындасы.
Гистологиялық сараптама мұның барлығы ер адам қайтыс болардан бір сағат бұрын болғанын көрсеткен.
«Мұны тергеу изоляторындағы адамдар жасады дегенді білдіреді. Ол жерде басқа адам жүрмейді. Қосымша сараптама бізге қол-аяғы артқа қарай байланғанын анықтап берді. Демек, қаңтардың 11-інен 12-сіне қараған түні ағамды аяусыз азаптап өлтірген», - дейді Анафияева.
Адвокат Жанғазы Күнсерік ер адамның өлімі туралы сол түні кезекшілікте болған полицейлер білмеуі мүмкін емес екенін айтады.
«Жасұлан Анафияев Алматы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында қайтыс болған. Ғимарат аумағы үлкен емес. Іште болып жатқан дүниені кез келген жерден естуге болады. Сол күні кезекшілікте полиция қызметкерлері болған. Адамның 13 қабырғасы сынғанша тепкілеу үшін не істеу керек? Олар үстіне шығып алып секірген деуге толық негіз бар», - дейді Күнсерік.
Адвокат адам өліміне қатысы бар күдіктілерді ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандыққа шығару ешқандай қисынға келмейді дейді. Оның сөзінше, күдіктілер тергеуге ықпал етіп отыр.
«Адам өлді, ал олар күдіктілер ешқайда кетпеу туралы қолхат береді. Біз қазір істің не себепті алға жылжымай тұрғанын түсініп отырмыз. Күдіктілер, олардың басшылығы тергеу органына ықпал етіп отыр. Осы уақыт аралығында тіпті ешкім кешірім де сұрамаған. Адамды өлтіріп тастады, болды. Ол адам өлер алдында қалай қиналғанын ойлаудың өзі қорқынышты», – дейді адвокат.
Істі жүргізіп жатқан прокурор Ардақ Серікбаев іске байланысты ақпарат бере алмайтынын айтты. Ол тергеу әлі жалғасып жатқанын жеткізді.
Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы