«Сатушы, курьер және жүргізуші»: Ресейден келгендер бір жарым есе көп жалақы сұрайды

Айнұр Шошаева

Жұмыс іздеуші ресейліктердің көбі орта білімді

Коллаж: Halyq Uni

Еліміздің еңбек нарығында ресейліктердің белсенділігі әзірше байқалмайды. Қазақстандағы ең танымал еңбек агрегаторы ресейліктердің орналастырған хабарландыруы негізінде ең жиі кездесетін мамандықтың рейтингін жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

HeadHunter Қазақстан еліміздің еңбек нарығындағы ресейліктерге қатысты жиі қойылып жатқан сұрақтарға жауап берді. Компания әзірге қазақстандық және ресейлік еңбек нарығында қандай да бір белсенділіктің байқалмайтынын айтады. 

«Біз әзірше ресейлік немесе қазақстандық еңбек нарығының белсенділігіндегі елеулі өзгерістерді көріп отырған жоқпыз. Өткен аптада келгендер қазақстандық еңбек нарығында айтарлықтай белсенділік танытпады деп болжауға болады. Дәл қазір ресейліктердің нақты саны бойынша айту қиын», - деді компанияның маркетинг және PR менеджері Рахима Махмудова.

Компания өкілі жыл басынан бері елімізге келіп, жұмыс іздеп жатқан РФ азаматтарына қатысты бірқатар мәліметті бөлісті. Атап айтқанда, Қазақстанда жұмыс табу мақсатында сайтқа тіркелген ресейліктер ең жиі іздейтін үздік он мамандық белгілі болды. 

Ал олардың біліміне келетін болсақ, бірінші кезекте орта білімді мамандар көп кездеседі. Одан кейін орташа арнайы және жоғары білімін аяқтамаған мамандар тұр. Сондай-ақ ресейліктер жұмыс іздеушілердің арасында бакалавр, магистр, жоғары білімді, ғылым кандитады мен ғылым докторлары бар. Алайда бұлар ең соңғы орында екенін атап өту керек. 

Жұмыс іздеушілердің тәжірибесіне келетін болсақ, еңбек өтілі 6 жылдан асқан мамандар бірінші орында тұр. Одан кейін тәжірибесі жоқ мамандар жиі кездеседі екен. Үшінші орында 3-6 жыл тәжірибесі барлар болса, тізімде ең соңғы болып 1-3 жылға дейін өтілі бар мамандар тұр.  

«Жұмыс іздеушілердің 54% әйел, 46% ерлер. Олар қазақстандықтармен салыстырғанда 56% жоғары жалақы күтеді», – деп қосты HeadHunter Қазақстан өкілі.