×

Ана зары: Шымкенттегі пиццерияда қайтыс болған оқушы мектеп формасын алу үшін жұмыс істеген

Оқушы өліміне қатысы бар деген күдікпен пәкістандық қамауға алынды

Шымкентте 3 шілдеде Diamond plaza сауда орталығында жұмыс істеп жүрген 15 жастағы оқушы қайтыс болды. Марқұм Ақару Құралбайдың анасы күдіктінің екі жарым ай бойы қамауға алынбағанын айтады.

Бибіайша Құттыбаева Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында шымкенттік полицейлер жұмысына салғырт қарағанын, қазірге дейін кімнің тергеліп, кімнің ұсталғаны туралы хабар бермегенін айтты.

Полиция іске көңіл бөлмеген соң әйел «Не молчи» қорына хабарласқан. Шымкенттегі құқық қорғау органдары содан кейін ғана іске назар аударды.

«Тергеушілер отырған ғимараттың табалдырығын тоздырдым. Қаратау ауданды полициясы арызыма пысқырып та қарамады. Барған сайын істің тергеліп жатқанын айтты, басқа ештеңе естімедім. Бұл жерде адам қайтыс болып отыр. Мектеп жасындағы бала қайтыс болды. Оған жұмыс бергендер, дәмхана орналасқан орталық қалайша жауап бермейді?», - дейді марқұмның анасы Бибіайша Құттыбаева.

Жалғызбасты ана қызына жұмыс берген дәмхана иесі тергеушімен бірге келіп кешірім сұрағанын айтады. Ал әйел оған ешқашан кешірім бермейтінін айтады.

Сондай-ақ дәмхана иесінің шетелдік екені анықталды.

Анасының айтуынша, жұмыс берушілер қызына еңбекақысын да төлемеген. Әр жұмыс күні үшін 4 мың теңгеден төлеуі қажет болған.

Ақару соңғы рет жұмысқа бара жатқанда енді ол жерде істегісі келмейтінін айтты. 5 күннің еңбекақысын бермеді деп шағымданды. Қызым бұл жұмысқа мектеп формасына аламын, маған көмектесемін деп шыққан еді. Осылай боларын білсем, оны Шымкентке ешқашан жібермес едім, - дейді ол.

Ақару Құралбай үйінің үлкені болған. Ол биыл 9-сыныпты аяқтаған. Өзінен кейін екі сіңілісі бар.

Ақару қайтыс болған пиццерияда өзімен бірге сіңілісі де жұмыс істеген.

Қызыма қастандық жасалды ма деп күдіктенемін. Басқа қызметкерлерге төлеп, қызыма ақша ұстатпаған. Сүйегіне кіргенде күйгеннен бөлек, беті мен басында бірнеше тыртық болды. Қызым өте момын, жасықтау болатын, - дейді анасы.

Ақарудың өлімін естірткенде жұмыс берушілер оның тоқ соғып қайтыс болғанын айтқан. Алайда кейін оқушының энергетикалық сусын ішіп, жүрегі тоқтағанын айтқан.

Анасы бұған сенбеген, сол себепті сот-медициналық сараптама нәтижесін күткен. Оған дейін тергеу де басталмаған.

«Тергеу сот-медициналық сараптама нәтижесі шыққан соң басталатынын айтты. Бірақ сараптама бойынша қызымның тоқ соғып қайтыс болғаны анықталса да, жұмыс берушінің біреуі де күдікті ретінде танылған жоқ. Тек әлеуметтік желіде жарияланған соң ғана жұмыс беруші пәкістандықты ұстапты», - дейді марқұмның анасы.

Бибіайша Құттыбаева қызының арманы көп болғанын айтты.

Жұмысқа кетіп, сол күйі оралмады. (...) Қызымның арманы көп еді. Ешқайсысына жетпеді. Маған күніне 5 рет хабарласатын. Менсіз күні өтпейтін. Қазір қызым жұмыс істеп жүрген сияқты, қайта оралатын сияқты болады. Қайтыс болған қызыма жала жапты ғой. Жүрегі ауырады деп айтты. Сап-сау жүрген қызымды кінәлады, - дейді анасы.

Ақарудың анасы қызының ешкімнің ала жібін аттамайтын, тыныш бала болғанын айтады.

Марқұм Ақару жастайынан еңбекке араласқан. Бұған дейін анасына көмектесу үшін жемістерді жинап та сатқан. Ал болашақта дәрігер болуды армандаған екен. 11-сыныпты бітірген соң Алматы не Астанаға оқуға түсуді қалаған.

Марқұмның анасы Бибіайша Құттыбаева қызының жұмысқа таршылық салдарынан барғанын айтады. Енді анасы баласына қажетті жағдай жасай алмай отырғанына өкініш білдіріп отыр. Айтуынша, қызы әлі де тірі сияқты күн кешіп жүр.

Сондай-ақ анасы қызының қалай қайтыс болғанын айтып берді. Ақару жерге төгілген майды сүртіп жатқан кезде едендегі тоқ сымынан тоқ ұрған. Әйел ол жерде тазалық сақталмағанын, техникалық қауіпсіздік сақталмағанын айтады.

Ақарудың мәйітінен беті мен басында жарақат бар екенін байқаған. Сондай-ақ оның аяқ киімі сол күйі табылмаған.

Шымкент қаласы полициясы қылмыстық кодекстің 156-бабы («еңбектi қорғау қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғады.

«3 шілдеде шамамен сағат 16:30-да Шымкент қаласы полициясы Қаратау ауданы басқармасына 15 жастағы қыздың тоққа түсіп қайтыс болғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орынан тергеу тобы шықты. Олар қылмыстық кодекстің 156-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қажетті сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілді. Бұл іс бойынша шетел азаматының кінәлі екені анықталып, қамауға алынды», - деді Шымкент полициясы тергеу басқармасы бастығының орынбасары Өмірбек Бекбердиев.

Бұл бап бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Алайда марқұмның туыстары бұл баппен келіспей отыр. Олар қызына жұмыс істегені үшін ақы төлемеген, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін сақтамаған адамның 5 жылдан көп уақыт бойы түрмеде отыруын қалайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама