Әлихан Смайылов елімізге келетін ресейліктерге қатысты айтқан тапсырмасына түсініктеме берді
Бүгін премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысын бастамас бұрын, кешегі көші-қон мәселелеріне қатысты өткізген жиналыста айтқанын қайта түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Кеше Үкіметтің көші-қон мәселелеріне қатысты өткізген жиналыстағы мәліметтерге байланысты қоғамда дұрыс түсінбей жатқандар бар. Осыған орай айтайын дегенім, шетел азаматтарына заң аясында қызмет көрсетіледі. Біз халықаралық міндеттерімізді орындай отырып, өз еліміз бен халқымыздың мүддесінен жоғары құндылық жоқ екенін ұмытпауымыз керек. Ең маңызды мәселенің бірі – құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік.
Сонымен бірге арендалық тұрғын үй бағаларының өсуінен өз азаматтымыз қиын жағдайға тап болып отыр. Жауапты органдар тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша тиісті шараларды қабылдау қажет. Оны біз кеше айттық.
Еңбекпен қамту бойынша ең алдымен қазақстандықтардың жай-күйі, жұмыс жағдайы біз үшін приоритет болуға тиіс. Барлық кәсіпорындар мен мекемелер осыны естен шығармауы керек. Ал, көршілес елден келген мигранттар белгіленген заңнама шеңберінде ғана еңбек ете алады. Жағдай күнделікті бақылауда», — деді Әлихан Смайылов.
Еске салайық, 26 қыркүйекте Үкімет басшысы Әлихан Смайылов көші-қон мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онда Ресейден келушілер санының артуына қатысты қалыптасып отырған ахуал талқыланды. Сонда премьер-министр елімізге уақытша келген шетел азаматтарын жұмысқа орналастыру кезінде еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды күшейтуді тапсырды.