Қызғаныштың құрбандары: Жетісу облысында 2 әйелді күйеулері ұрып өлтірді

Динара Амантай

Жыл басынан бері облыс полицейлері 563 отбасылық жанжал себепкерлерін анықтап, жазалады

Фото: Halyq Uni

Жетісу облысында ер адамдардың өз әйелдерін ұрып-соғып өлтірудің екі жағдайы анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бірінші оқиға Қаратал ауданы Жаңаталап ауылының маңындағы шаруа қожалықтарының бірінде тіркелді. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 26 қыркүйекке қараған түні ферма аумағында зорлық-зомбылық белгілері бар 35 жастағы әйелдің денесі табылған. Жәбірленуші өзінің 47 жастағы азаматтық жұбайымен бірге жергілікті кәсіпкердің біріне жұмыс істеп, оның малын баққан.

Белгілі болғандай, ерлі-зайыптылар бір күн бұрын қонақ күткен, олар кеткеннен кейін араларында жанжал туындаған. Қонақтардың бірінен әйелін қызғанған ер адам оны аяусыз соққыға жыққан. Соның салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды. Жәбірленушінің жұбайын полиция қызметкерлері ұстап, қамаққа алды.

Екінші жағдай бір күн бұрын көршілес Ескелді ауданында болды. Онда Қарабұлақ ауылындағы жеке үйлердің бірінен 34 жастағы әйелдің денесі табылды. Жәбірленушінің 45 жастағы жұбайының ұрып-соғуынан қайтыс болғаны анықталды. Өз айғақтарында ер адам әйелінің ішімдік іше бастағанын және үйге қарауды қойғанын мәлімдеді. Ерлі-зайыптылардың арасында жанжал туындап, ол әйелді ұрып-соғуға ұласқан.

Екі дерек дерек бойынша тергеу ҚР ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі бойынша жүргізіліп жатыр.

Жалпы, жыл басынан бері облыс полицейлері 563 отбасылық жанжал себепкерлерін анықтап, жазалады. Олардың 97-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Талдықорған қаласының оңалту орталығында ерлі-зайыптылардың әрекеттерінен зардап шеккен 15 әйел мен 34 балаға көмек көрсетілді.