Бес күнде 30-ға жуық ресейлік медициналық көмекке жүгінді
Петропавлдағы барлық қонақүй мен заңды түрде жалға берілетін пәтерлер толды. Олардың жартысын Ресейден келген азаматтар жалға алып алған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Көрші елдің азаматтары Қазақстанға жаппай ағылып жатыр. Соған байланысты қалада үйді жалға алу ақысы да аспандап кетті. Мәселен екі бөлмелі пәтердің құны айына – 250-300 мың теңге.
Ал жауапты мамандар шекарадан күніне қанша адам өтіп жатқаны туралы ақпарат жарияламай отыр. Ресейліктердің басым бөлігі Қазақстанға пойызбен келіп жатыр.
«Билет тапшылығын байқамадым. Көпшілік жеңіл көлікпен келіп жатқан сияқты. Петропавлға бір айға келдім. Одан кейін Ресейдегі жағдайды бақылаймын. Әзірге Қазақстан азаматтығын алу жоспарымда жоқ. Пәтер жалдау бағасы көтеріліп жатыр. Грузия мен Арменияға кеткен достарым бар. Хабарласып тұрамын. Ол жақтағы баға да 3-4 есе өсіп кеткен екен», - дейді Ресей азаматы Иван Васюков.
ПӘТЕРДІ ЗАҢСЫЗ БЕРЕТІНДЕРМЕН КҮРЕС КҮШЕЙТІЛЕДІ
Қазір қалада қонатын орын табу қиындады. Сондықтан жалға пәтерді заңсыз беретіндердің саны артқан. Жауапты мамандар олармен күресті күшейтеді.
«Петропавл қаласында қонақтарды жайғастыратын 38 арнайы орын бар. Оларда 1 933 төсек-орын жасақталған. Қазір бұл нысанның барлығы толы. Азаматтардың тең жартысы Ресейден келген. Бұдан бөлек қалада 148 тамақтану орны бар. Оның 44-і асхана. Тамақ пен азық-түліктің бағасы өзгерген жоқ. Жағдай қатаң бақылауда. Қазір мемлекеттік кірістер департаментінің мамандарымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Яғни баспананы жалға беретін сайттарға мониторинг жасалады. Өйткені әлеуметтік желілерде бағаның негізсіз өсіп кеткенін байқауға болады. Сондықтан тексеріс жүргіземіз», - дейді СҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Садықов.
ВОЛОНТЕРЛЕР КӨМЕК КӨРСЕТУГЕ ДАЙЫН
Бұған дейін БҚО-да Ресеймен шекарада қазақстандық волонтерлер ресейліктерге көмек көрсетіп жатқаны хабарланды.
Енді Петропавлда да Ресейден келіп жатқан азаматтарға волонтерлер қол ұшын созады. Еріктілер оларды күтіп алып, қонатын орын тауып беруге көмектеседі. Қазір волонтерлер вокзал маңында жүріп, көрші елдің азаматтарына көмек көрсетуді жоспарлап отыр.
«Өзім жаңа ғана вокзалдың басшысымен сөйлестім. Біз ол жерде арнайы акция ұйымдастырмақ ойымыз бар. Яғни керші елден келген азаматтарға ыстық шай, бауырсақ, тоқаш беріп жылы қарсы алмақпыз. Бүгін Петропавл станциясына үш пойыз келді. Халық көбейіп жатыр. Олардың ішінде әйелдер мен балалар да бар. Сондықтан баспана тауып беруге де қол ұшын созамыз. Ұялы байланыс үшін Сим-карталар сатып алуға көмектесеміз. Арнайы Колл орталық ашсақ па деп отырмыз. Жалпы қала бойынша 200 волонтер бар», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы волонтерлік фронт-офисінің жетешісі Анастасия Волкова.
БЕС КҮНДЕ 33 РЕСЕЙЛІК ДӘРІГЕР КӨМЕГІНЕ ЖҮГІНГЕН
Өңір дәрігерлері болса Ресей Федерациясынан келетіндерді орналастыру үшін қалада екі мың орындық коронавирусқа қарсы орталық құрылатынын жоққа шығарды. Себебі инфекциялық стационарларға тек жергілікті халық қана жатқызылады.
«21 қыркүйектен бастап облыстық стационарлық қабылдау бөлімшелеріне 30-дан астам Ресей азаматы жүгінген. Оларға шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Ал оларға арналған ковид орталығы ашылады деген ақпарат еш шындыққа жасаспайды» , -дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұржан Тағаниязов.
Мұнымен қоса бүгін әлеуметтік желілерде СҚО-да Ресеймен шекара жабылғаны туралы ақпарат тарады. Құзырлы орган өкілдері оны жоққа шығарды.