×

«Екі ай уақыт беруі керек». Пәтер иелері қалаған кезде үйден шығарып тастай ала ма?

Жалдамалы пәтер бағасы 30% қымбаттады

 Айнұр Шошаева 26.09.2022 | 15:49
Коллаж: Halyq Uni

Ресейдегі ішінара әскери мобилизация басталғаны Қазақстандағы тұрғын үй нарығындағы баға бірнеше есе көтеріліп кетті. Соңғы күндері қазақстандықтар баспана бағасының көтерілуіне байланысты далада қалғанына шағымданып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Ресейдегі мобилизацияның салдарынан еліміздегі тұрғын үй нарығына әсерін тигізе бастады. Соңғы 2-3 күннен бері қазнетте пәтерақысының көтерілгені және соның салдарынан далада қалған халық туралы жазбалар көбейді. Осы орайда жылжымайтын мүлік сарапшысы Жеңіс Шәріпұлы үй бағасының өсуінің негізгі себептері, сонымен қатар пәтер иесінің жалдау ақысын күрт қымбаттатқан, үйді босатуды сұраған кезде азаматтардың өз құқықтарын қалай қорғауы керектігін айтып берді. 

«ПӘТЕР ЖАЛДАУ БІР КҮНДЕ ҚЫМБАТТАҒАН ЖОҚ»

Сарапшы Жеңіс Шәріпұлының пікірінше, елімізде тұрғын үй бағасы бір күнде өскен жоқ. Тек ресейліктердің әскерден қашып, үдере көшуі жағдайды ушықтырып жіберді деп есептейді.  

«Астана мен Алматыда халық саны ішкі миграция есебінен көбейіп келеді. Өңірлердің көбінде жұмыс болмағандықтан, жоғары табысты жұмыс іздеп көбіне осы екі қалаға келеді. Соның салдарынан ірі қалаларда тұрғын үйге сұраныс көп. Одан бөлек екі мегаполисте баспана жалдау арзан болған емес. Тұрғын үй арендасы тек бір күнде қымбаттаған жоқ, бұған дейін біртіндеп көтеріліп келді. Шын мәнінде Қазақстанда жыл сайын халық саны шамамен 250 мыңға тұрақты өседі. Биыл жаңа оқу жылы басталғанда студенттер тұрғын үй тапшылығы туралы айтып, яғни қажеттілік бұған дейін бар-ды. Оның үстіне инфляцияның көтерілуі аренда бағасының қымбаттауына әкелді. Тұрғын үй онсыз да тапшы болып, оның үстіне инфляцияға байланысты бағасы қымбаттап жатқанда көрші елдегі жағдай оны ушықтырып отыр», – деді ол. 

Сондай-ақ сарапшы бүгінгі күні қанша қазақстандық пәтерін жалға беріп отырғаны белгісіз дейді. 

«Дәл қазір қанша адам келіп, қаншасы пәтер жалдап жатқанын да білмейміз. Ресми статистика жоқ, себебі нақты қанша адамның келгенін білмейміз. Біреулер 200 мың дейді, біреулер одан көп деп жатыр. Көші-қон полициясының жариялаған ақпаратына сену қиын. Соңғы күндері халықтың жалдап жатқан пәтерлерінен шығарып жатқандары туралы шағым көбейді. Бұл бағаның көтеріліп жатқанын білдіреді. Неге қымбаттап жатыр деген сұраққа келсек, ресейліктердің бізге қарағанда қаржылық жағдайы жақсы. Дәл қазір олар сол қымбат бағаға пәтер жалдап тұруғашамасы жетеді», – деп қосты ол. 

«ЗАҢ БОЙЫНША БІР-ЕКІ КҮНДЕ ҮЙДЕН ШЫҒАРЫП ТАСТАУҒА БОЛМАЙДЫ»

Оның пікірінше, қазір келіп жатқан ресейліктер Қазақстанда тұрақтап қалатын болса, жарты жыл, әрі кетсе бір жыл ғана жалдап тұра алады деп есептейді. Сарапшы бұл көшті тоқату үшін не істеу керек деген сұраққа жауап берді. 

«Қазір шекараны жаппаса келушілердің қатары көбейюі мүмкін Бұдан кейін туындайтын басты проблема – олар Қазақстанда не істейді, немен айналысады? Қандай адамдардардың келіп жатқанын білмейміз. Олардың көбі еркектер екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан алдымен еңбек нарығын қорғауымыз керек. Ал тұрғын үй нарығын қорау үшін шекараны жауып немесе келушілерге шектеу қойып, миграциялық толқынға тосқауыл қойған жөн. Жыл сайын Қазақстанда халық саны 250 мыңға көбейіп келеді. Ертең келіп жатқандар еңбек нарығына да салмақ салуы мүмкін. Сондықтан мемлекет бұл мәселені реттеуі керек», – деді сарапшы. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ішкі істер министрлігі қанша ресейліктің Қазақстанға кіргенін мәлімдеген еді. 

Сонымен бірге тұрғын үй саласының сарапшысы Жеңіс Шәріпұлы пәтер ақысын себепсіз көтерген меншік иелері мен баспанасыз қалған қазақстандықтар туралы өз ойымен бөлісті. 

Қазақстандықтарды жалдап жатқан жатқан пәтерлерінен шығарып жатқан пәтер иелеріне қатысты айтарым, олар құқығын заң шеңберінде талап етуі керек. Өкінішке қарай бізде халық көп мәселеде өз құқығын білмейді. Заң бойынша бір-екі күн ішінде үйден шығарып тастауға болмайды. Кемінде екі ай уақыт беруі керек. Пәтерден шығарып тастаған адамдар уәкілетті органдарға шағымдануы керек. Соның негізінде тексеріс жүргізіледі, – дейді ол. 

Бұған қоса, ол Қазақстанда жалдамалы пәтер бағасы әлеуметтік маңызы бар бағамен теңестірілуі тиіс деген пікірде. 

«Билік басқа өнімдер бойынша тексеру жүргізеді.Мәселен, әкімдіктер базарға барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тексереді. Неге дәл солай пәтер бағасын тексермейді. Түптеп келгенде бұл да әлеуметтік маңызды бағаға жатады. Ұлттық статистика бюросы шаршы метрдің аренда бағасын жариялап жатады. Соны негізгі алып, нақты қанша өзгергенін тексеруге болады. Егер нарықтағы баға 30 пайызға артық болса, шешім қабылдап, оны түсіру керек. Сонда адамдар жөн-жосықсыз бағаны көтеруге қорқатын болады. Яғни, мемлекет арендалық тұрғын үйдің бағасын реттеуге араласуы керек. Өйткені бұл халықтың табысына тікелей әсер етеді, азық-түлік сияқты ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып табылады», – деп қорытындылады Жеңіс Шәріпұлы.

«ПӘТЕР ИЕЛЕРІН СПЕКУЛЯЦИЯ ЖАСАМАУҒА ШАҚЫРАМЫЗ»

Krisha.kz сайты елдегі тұрғын үй бағасын жаңа оқу жылының басындағы маусымдық баға деп бағалайды. Мәселен, қаңтардан шілдеге дейін тұрғын үйді бір шаршы метрге орташа есеппен 3900-4000 теңгеден тапсырса, онда тамызда жалдау құны бірден 4500 теңгеге дейін, ал 5 қыркүйекке қарай 5200 теңгеге дейін өскен. 

Жыл басынан бері қыркүйектің басына дейін баға 30% өсті. Орташа баға, айына бір бөлмеге 180-190 мың, екі бөлмеге 290-300 мың, ал үш бөлмеге 450 мың теңге. Алматыда жалға алу бағасы жыл сайын артып келеді. Негізінен инфляция мен сұранысқа байланысты. Урбанизацияға байланысты сұраныс артып келеді. Қалалар мен шағын қалаларда жақсы білім алу және жұмыс табу қиын. Адамдар үлкен қалаларға оқуға келеді, тұрақты тұруға қалады. Содан кейін жыл сайын жаңа толқын келеді, – деп жазады жылжымайтын мүлік порталы. 

Сондай-ақ тұрғын үй агрегаторы Ресей Федерациясындағы ішінара жұмылдыруға байланысты 21, 22 және 23 қыркүйекте Алматыда жалдау мөлшерлемелерінің орташа деңгейінің өсуі байқалмағанын айтады. 

«Алайда Орал, Қостанай сияқты шекаралас қалаларда тұрғын үйге деген қызығушылықтың шамалы өскені байқалады, бірақ бағалар әзірше тұрақты. Өйткені қазір бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде толқудан кейін өте қауіпті жағдай туындады. Бағаны көтеруді жоспарламаған меншік иелері жалған ақпаратты шындық деп қабылдап, бағаны қымбаттатуы мүмкін. Сонымен қатар, пәтер жалдап тұрып жатқандарға ауыр тиюі мүмкін. Қазір біз жекелеген пәтер иелерінің бағаны нарықтан жоғары қоятынын көріп отырмыз. Бұл үшін объективті негіз жоқ. Меншік иелерін айла-шарғы жасамауға және спекуляция жасамауға шақырамыз», – деп қосты портал. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама