Павлодарлық шаруалардың мыңдаған малы айыппұл тұрағына «қамалды»
Осынша малдың қамалу себебі белгілі болды
Павлодар облысында 2 мыңға жуық мал айыппұл тұрағына қамалды.
Тереңкөл ауданының полицейлері «Таңба» акциясы аясында Воскресенка ауылдық округінде шаруа қожалықтары мен жеке аулаларды тексеру кезінде жергілікті тұрғыннан түйені сәйкестендіру белгісінсіз немесе биркасыз ұстау фактісін анықтады.
Аталған факті бойынша жергілікті полиция қызметінің бөлімшесі ауданның ветеринария бөліміне ҚР ӘҚБтК 406-бабы (Қазақстанның ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша тексеру жүргізу және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапқа тарту туралы хат жолдады, – деді Павлодар облысының полиция департаменті.
Акция барысында құқық қорғау органдарының күзетшілері 11 мыңнан астам ауланы аралап шықты. Нәтижесінде 377 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде малдың сәйкестендіру саны болмаған сегіз адам, малды рұқсатсыз жайған 99 мал иесі, көріктендіру ережелерін бұзған 21 тұрғын жазаланды.
Ветеринария саласында 75 заң бұзушылық анықталды. Облыс жолдарында малдың қараусыз жүруінің 120 фактісі анықталды. Айыппұл тұрағына 2 мыңға жуық мал қамалды, – дейді полиция.
Мал басын есепке алу, аталған малдың сәйкестендірілуін (сырғалау, таңбалау, чиптеу), сондай-ақ қолда бар малға ветеринариялық паспорттың болуын тексеру мақсатында жүргізілетін «Таңба» жедел алдын алу іс-шарасы 28 ақпанға дейін жалғаспақ.