Шеруішілерді тарату үшін Росгвардияның сарбаздары келе жатыр
Дағыстанның Эндирей ауылының тұрғындары мобилизацияға қарсы шығып, ұлан жолды жауып тастады.
Бұл туралы «Медуза» хабарлады.
БАҚ-тың хабарлауынша, ауылдың 110 адамы мобилизацияға ілігіпті. Бұған қарсылық білдірген тұрғындар Хасавюрт – Махачкала федералды трассына шығып, жолды жауып тастаған. Олар ұлдарын, бауырларын, күйеулерін соғыстан қорғап, көшеге шыққан. Осыдан кейін полиция аспанға оқ атып, оларды тарқатуға әрекет жасаған.
Жергілікті халықтың айтуынша, тәртіп сақшылары осылай жиналғандарды қорқытпақ болғанымен, одан жұрт қаймыға қоймаған. Бірақ қанша адамның жапа шегіп, қанша адамның ұсталғандары белгісіз.
Осы күні республика астанасы Махачкалада да шеруге шыққандар болған. Олардың арасынан 6 адам қамалған. Кейбір дерекке қарағанда, Дағыстанға шеруішілерді тарату үшін Росгвардияның сарбаздары келе жатыр.
Жалпы, қазіргі күндері Ресейдің көптеген қалаларында күн сайын осындай қарсылық қозғалыстары болып жатыр. Күн сайын полицейлер 700-800 адамды қамауға алуда. Бұлардың арасында Мәскеу мен Санкт-Петербургте ұсталғандардың саны бәрін көп болып отыр.
Тюмень, Улан-Удэ, Волгоград, Воронеж, Краснодар, Қазан, Якутск қалаларында осындай наразылық толқыны болып өтті.