Тегін тамақ пен такси: БҚО-да волонтерлер ресейліктерге көмек көрсетіп жатыр
Волонтерлер кеден бекеті мен Оралдағы теміржол вокзалы маңына жиналған
Батыс Қазақстан облысы мен Ресейдің Самара облысы арасындағы кеден бекетінен өтіп жатқан ресейліктерге қазақстандық волонтерлер көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Сырым» бекетінің алдында волонтерлердің 30 шақты көлігі тұр. Олар ресейліктерді Орал қаласына жеткізіп, тамақтандырып, қонатын орын тауып беріп жатыр.
«Түстен бері жігіттер өз көлігімен келіп жатыр. Шекарадан өтіп жатқан адамдарды тегін жеткіземіз, тегін тамақ беріледі. Бәрі тегін. Ешқандай ұйым емеспіз. Өзіміз көмек көрсеткіміз келді. Мұндай жағдай кімнің басына келмейді?! Атыраудағы жұмысымнан 2 күнге сұранып келдім. Ертең не боларын білмейміз, мүмкін бізге де осындай көмек қажет болады», - дейді Артур Магомаев.
Айтуынша, өзі Орал қаласында туып өскен.
«Осында не болып жатқанын көру үшін келдім. Әйелім – Ресей азаматы. Ресейде туған-туыстарымыз бар. Орал қаласында туып өстім. Барлығы көмектесіп жатыр, мен де шетте қалмайын деп шештім», - дейді Магомаев.
Ресейдің құрамындағы Татарстаннан келген Андрей кеден бекетіне дейін 20 шақырымға созылған көлік кезегінде 8 сағат тұрған. Айтуынша, Қазақстанға өту үшін 36 сағат бойы ұйықтамаған.
Волонтерлер түрлі көмек ұсынды. Тамақ, су, қазақстандық SIM-карта беріп, пәтер тауып, оған тегін жеткізетін болды. Мұндай көмек болады деп мүлдем ойламадым. Ресей жағында ешқандай жағдай қарастырылмаған, - дейді Андрей.
Санкт-Петербург қаласынан келе жатқан Кирилл кеденнің Ресей тарапында ешқандай жағдай жасалмағанын айтады. Тіпті дәретхана да ақылы. Ал көше бойы қоқысқа толған.
Айтуынша, такси Қазақстан тарапына өткізу үшін адам басына 7 мың рубль (59 000 теңге – Halyq Uni) алып жатыр.
Ол сондай-ақ қазақстандық бекеттегі тазалық пен жасалған жағдайға таңданыс білдірді.
Айта кетейік, қонақүй мен жалдайтын пәтер таппаған ресейліктер «Атамекен» балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығына да орналасып жатыр. «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығына ресейліктер 24 қыркүйектен бастап келген.
«Туризм орталығында 220 орын бар, қазір барлығы лық толы. Қону құны тәулігіне – 5 мың теңге. Тамақ үшін бөлек төлейді. Миграциялық қызмет келіп тіркеп жатыр. Полиция кезекшілігі де бар», - дейді туризм орталығының қызметкерлері.
Орал қаласындағы теміржол вокзалының алдындағы алаңда волонтерлер ресейліктер үшін шатыр құрып, тамақты тегін таратып жатыр. Сондай-ақ бірнеше кафе де бұл іске қосылған.
Айта кетейік, 2022 жылдың 21 қыркүйегінде Ресей президенті Владимир Путин ішінара әскери мобилизация жариялады. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу әскерге 300 мың адам шақырылатынын мәлімдеді.
23 қыркүйекте Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Қазақстан мен Ресейдің шекарасында елімізге келіп жатқан шетел азаматтарының саны артқанын, соған байланысты жағдай бақылауға алынғанын хабарлады.
Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы