Ақмола облысында өртті сөндіру үшін 75 тонна су кетті
Ол Бурабай кентіндегі «Айнакөл» көлінен тиеп алынды
Төтенше жағдайлар министрлігі Қазавиақұтқару ұшқыштары «Көкшетау» тауындағы өртті жою кезінде 75 тонна су жұмсалды.
25 қыркүйекте «Көкшетау» тауында өсімдіктердің тұтануын сөндіру кезінде жедел сөндіру және өрттің таралуының алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігінің Қазавиақұтқару тікұшағы жұмылдырылды.
Өртті сөндіру кезінде Бурабай кентіндегі «Айнакөл» көлінен су тиеп, өрт ошақтарына аспаннан 75 тонна су жұмсалды.
Су ағызу кезінде ұшқыштар құрамы ағызу биіктігін қатаң бақылауы тиіс. Егер ағызу биіктігі жану орнынан тым жоғары болса, онда суды шашу кезінде ол буға айналып, тиімділігі азаяды. Ал тым төмен биіктікті алған жағдайда, өсімдіктер және жердегі басқа да кедергілер су төгетін құрылғыға тиіп кетіп, кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан ұшу алдында ұшқыштар құрамы өрт болып жатқан жерді зерттейді және отпен күресудің тиімділігін арттыру үшін қажетті биіктікті дәлдеп есептейді, – делінген хабарламада.
Қазавиақұтқарудың тәжірибелі ұшқыштары өртті аспаннан сөндіру кезінде шеберліктерін танытты.