45 мың жалақы алатын әкесі білікті адвокат жалдауға ақша таппай отыр
Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Талдықорғандағы полиция ғимаратынан қару ұрлады деген күдікке ілініп, істі болған 9-сынып оқушысы Райбек Айтмолданы тәртіп сақшылары аяусыз ұрып, қабырғасын сындырған. Төрт тісін босатып, арқасына үтік басқан.
Аяусыз азапталған 15 жастағы Райбек Айтмолда жаппай тәртіпсіздік кезінде ұсталған азаматтарға полиция тарапынан мойындатудың түрлі әдісі қолданылғанын айтады. Айтуынша, ұрып-соққаны былай тұрсын, жас-кәрі деп қарамай, үтік басып, тырнақтарының арасына ине тыққан. Үш күн бойы аш ұстап, нәр татқызбай қинаған. Тіпті, алмаған дүниені «алдың» деп те қорқытқан көрінеді. Райбек осы қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде басынан өткен бар жағдайды Halyq Uni тілшісіне баяндап берді.
«Алаңда шеру өтіп жатқан күні біз балалармен бірге жатақханада болдық. Дүкенге бармақ ниетпен сыртқа шыққанбыз. Қалың адам жиналғанын көріп, қызықтап біз де бардық. Онда тұрғанымызда полиция жиналғандарды тарату үшін су шашты. Үстім малмандай су болып, үйге барып, кешке киім ауыстырып қайта шықтым. Полиция ғимаратының алдында тұрғанымызда үстіне оқ өтпейтін кеудеше мен қара маска, қара киім киген белгісіз біреулер досым екеумізге автомат тақап, ішке кіргізді. Қару алуды бұйырды. Қорыққанымыздан айтқанын бұлжытпай орындадық. Мен қолыма екі «Макаров» тапаншасын алдым. Осылайша сыртқа шықтық. Кейін бізге «кете беріңдер», деді. Олардан құтылған соң тапаншаларды бір жерге лақтыра салсақ деген ой болды. Бірақ, қаруда саусақ іздері қалған соң, қорқып, жатақханаға ала кеттік», - дейді ол.
Олар жатақханаға келген соң, қаруды қызықтап бір-екі рет суретке түскен. Кейін біреу-міреу байқап қоймасын деп, жуыну бөлмесіне жасырып қойған екен. Алайда, 8 қаңтарда достарының бірі ұсталып, ұялы телефонын тексеру кезінде ішінен қарумен түскен фото шыққан. Сол арқылы Райбекті де анықтап, арнайы жасақ өкілдері ұстаған.
«Жасақ өкілдері мені полиция департаментіне алып келді. Сол жерде телефонымды тексерді. Шеті сынық әрі сырты қызыл қаппен қапталғандықтан, алғашында «телефонды қыз баладан ұрлап алғансың», деп мойындатпақ болды. Бәрін дәлелдеп беруге тырыстым. Кейін кәмелеттік жасқа толмағаныма қарамастан, ұрып-соғу басталып кетті. Жаппай тәртіпсіздік кезінде белгісіз біреудің қорқытуымен 2 тапанша алғанымды айттым. Ал, олар онымен қоса, «тағы бір тапанша алдың», - деп мойындату әрекетін жасады. Алмасам, қалай мойныма алам?! Үтік басты, тістерімді тістеуікпен босатып тастады. Әке-шешемді шақыртуды сұрадым. Бірақ, олар еш мән бермеді», - деді Райбек.
Полициядағылар Райбектің ата-анасына оның ұсталғаны туралы тек үшінші күн өткенде хабарласып, жеткізген. Оған дейін әкесі Айтмолда Исабекұлы баласын жан-жақтан шарық ұрып іздегенін айтады.
«Полиция хабарласқаннан кейін бірден жетіп бардық. Барсам, баламды әбден азаптаған. Үстіне үтік басқан. Әзер тұр. Үш күн бұрын ұсталғанын біліп, содан бері неге хабарласпағанын, бізді заңды өкілі ретінде яғни, ата-анасын неге шақыртпағанын сұрағанымда, ешқандай жауап бермеді. Тек, қару ұрлағанын, бұл үлкен қылмыс екенін айтып, үрейімізді одан әрі ұшырды. Бірақ, жап-жас баланы бұлай қинауға болмайды ғой. Азаптауға байланысты арыз түсірдік. Әзірге еш нәтиже жоқ», - дейді әкесі.
Тәртіп сақшылары Райбекті кейін Текелідегі уақытша ұстау абақтысына, артынша Талдықорғандағы ЛА-155/16 тергеу изоляторына қамаған. 7 ақпанда ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберіпті. Мектепке барып, сабақ оқуына ғана рұқсат берген. Ал, отағасы болса, қазір ұлына білікті қорғаушы іздеп жүр. Оның үстіне, қаржы жағы да қолбайлау екенін айтады. Өйткені, бес баланың әкесі Nur Otan партиясы филиалының ғимаратында аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Алатын жалақысы - 45 мың теңге. Үйдегі жалғыз асыраушысы. Ал, әйелі мектеп жасындағы балаларымен үйде отыр екен.
Баламның жағдайын ойлап, түнімен ұйықтамаймыз. Мазамыз кетті. Жақсы адвокат табуға ақша да болмай тұр. Бірақ, әрекет етіп жатырмыз. Өйткені, ұлыма таққан айыптың жазасы ауыр. 8 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін алға тартуда. Бұл істі жан-жақты тергеп, тексерсе екен. Қаруды қорқытып алдырып отыр ғой. Оған, қоса, қару сақталған ғимаратты қорғаудың орнына қашып кеткен азаматтарды да жауапқа тартсын. Егер, олар соңына дейін тұрса, ешқандай қару ұрланбас еді ғой, - дейді Райбектің әкесі.
Айтмолда Исабекұлы баласының тағдырына алаңдаулы. Құзырлы мекемелерден істі жан-жақты қарап, азаптағандарды жазасыз қалдырмауды сұрайды. Істі соңына дейін жеткізуге талпынып отыр.
Осыған дейін прокуратура жариялаған мәліметтерге сенсек, Алматы облысында Қаңтар оқиғасына қатысты ұсталған 33 адам тергеу және уақытша ұстау изоляторларынан босатылған. Олардың арасында Райбек Айтмолда секілді кәмелетке толмаған 8 жасөспірім бар. Барлығы ата-аналарының қамқорлығына берілді. Ал, облыс бойынша қамауда әлі 88 адам отыр.