Halyq Uni логотип
×

«Сіз жеңілдіңіз»: Ресейде генералдар бас көтере бастады

Президент тұнжырап үндемей отырды

 Дастан Жұмабекұлы 26.09.2022 | 09:29
«Сіз жеңілдіңіз»: Ресейде генералдар бас көтере бастады
фото: ашық дереккөз

Мәскеуде РФ президенті Владимир Путин күштік құрылым басшыларымен жиын өткізіп отырғанда бас штабтың өкілі оған Украинадағы соғыстың құрдымға кеткенін айтты.

Бұл туралы «Генерал СВР» Telegram-арнасы хабарлады.

Владимир Путин видеобайланыс режимінде күштік және әскери блок басшылығымен жиын өткізді. Сол жиында бас штаб генералдарының бірі оған Украинамен соғыста жеңіліс тапқанын айтып салды.

Жиынға РФ қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев, ФСБ директоры Александр Бортников, қорғаныс министрілігі мен бас штабтың өкілдері, СВР директоры Сергей Нарышкин және басқа да күштік құрылым басшылары қатысты.

Кездесуде Путин өзінің баяндамасын оқып болған соң, генералдардан алдағы мақсат-міндеттер туралы пікір білдіруді сұрады. Ол алдымен сөзді Патрушевке берді. Бірақ ол майдандағы жағдайды сылтау етіп, сөзді бас штабтың өкіліне беру керек екенін айтты.

Путин сөз бергеннен кейін бас штаб өкілі баяндамадағы ақпарлардың АҚШ-тың жоспарларына сәйкес келетінін айта келіп, РФ әскерлерінде бұдан әрі шабуыл жасауға, бәрінен бұрын қорғануға ешқандай мүмкіндік жоқ екенін жеткізді.

Бас штаб генералы өзінің сөзін: «Сіз жеңілдіңіз, Владимир Владимирович!» деп аяқтады.

Жиынға қатысушылар осы сөзді естіген соң, «генералдың батылдығына таң қалған». Бірнеше минут үзілістен кейін Патрушев оған: «Сіз бас қолбасшымен қалай сөйлесесіз?» деп жекиді.

Бірақ бұдан еш айылын жимаған генерал бұрынғыдан қатқыл жауап қайтарады. Сол кезде желідегілер оны «тезірек эфирден ажыратып тастауға» асығады.

Путин өз кезегінде мұны бас штаб пен қорғаныс министрлігінің позициясы ма деп сұрақ қояды. Оған, әрине, іле-шала «тіпті де олай емес» деген жауап қайтарылады.

Осыдан кейін жиын жарты сағатқа созылды. Оның барысында президент тұнжырап үндемей отырды. Ал қалғандар өздерін оптимизмге сенген жандар секілді ұстады, – деп жазды «Генерал СВР».

Telegram-арна мұның соңғы күндерде әскери командование өкілдерінің Путиннің өзіне наразылық білдірген екінші жағдайы екенін атап көрсетті.

Бұған дейін бір әскери қызметкер Путинге масаңдау халде соғыстың жеңіліспен аяқталатынын айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама