«Күйеуімді балаларымның көзінше ұрып-соқты». Атыраулық аналар әділ тергеуді талап етті
Аналар Қаңтар оқиғасына қатысты қамауға алынған ұлдарына бостандық беруді сұрайды
Қаңтарда Атырау қаласында болған жаппай тәртіпсіздікке қатысып, билік өкіліне қарсы күш қолданды деген айыптармен қазір тергеу абақтысында отырған азаматтардың аналары жиналып, үндеу жасады. Олардың арасында 6 қаңтар күні Атырау облысы әкімдігі маңында білегіне оқ тиіп жарақаттанған жігіттің анасы да бар.
Клара Тушкенова есімді ана 24 қаңтарда үйіне төрт жігіт келіп, 31 жастағы ұлы Медет Нарышовты полицияға шақыру туралы қағаз (повестка) тастап кеткенін айтады. Бұл уақытта Медеттің өзі жұмыста болған. 25 қаңтар күні полицияға барған Медетті уақытша ұстау абақтысында үш күн ұстап, сот санкциясымен екі айға тергеу абақтысына қамаған. Оған бастапқыда ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабының 2-тармағы («Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сондай-ақ билік өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып жаппай тәртiпсiздiкке қатысу») мен 380-бап («Билік өкіліне қатысты күш қолдану») бойынша айып таққан. Кейін соңғы бапты алып тастаған.
Анасының айтуынша, 5 қаңтарда оқ тигеннен есінен танып қалған ұлын белгісіз адамдар облыстық аурухананың жарақаттану бөліміне (травмпункт) апарған. Рентгенге түсірген соң дәрігерлер оқ жоқ екенін айтып (дәрілерін жазып беріп), үйге жіберген.
«Балам сол күні үйге кешкі 19:30-да келді. Жазып берген дәрілерін алып, өзім жарасын дәкемен таңып, екпесін салып, үйден емдедім. Басқа еш жерге қаратпадық. Сосын үш күн өткен соң жұмысқа шықты. Балам екі жерде жұмыс істейді. Атырау мұнай өңдеу зауытында және Теңіз кен орнында. Қазір несие алып адвокат жалдадық. Өзім де қорғаушы ретінде адвокатпен бірге ұлымды үш күнге уақытша ұстау абақтысына қамағанда барып көрдім. Баламды шешіндіріп қарадым, сұрадым: ұрмапты, таяқ жемеген», - дейді Медеттің анасы.
- Ұлыңызға нақты қандай дәлел бойынша айып тағып отыр?
- Балама да, маған да бір бейнежазбаларды көрсетті. Балам бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Біреуінде адамдармен бірге тас лақтырып жатыр, екіншісінде дубинка ма, ағаш па, бір ұзын затпен белгісіз көліктің сол жақ айнасын салып қалды. Балам бұл бейнежазбаларда өзі екенін мойындады.
- Енді талабыңыз қандай?
- Мен әділ тергеуді талап етемін. Талабым мында жиналған басқа аналармен бірдей. Ұлымды бостандыққа шығарсын. Біз - атыраулық ата-аналар тобы Президентке және бүкіл билік басындағыларға үндеу жолдаймыз. Тергеу абақтысында отырған балаларымыздан халық атынан «террорист», «бүлікші», «қылмыскер» деген айыптарды алып тастауды талап етеміз! Сонымен қатар, қандай жағдай болса да қаңтар қасіретіне халық кінәлі емес екенін ашық мәлімдейміз!
Қаңтар оқиғасы бойынша бірнеше айып тағылып отырған 21 жастағы Иманғали Шамұратовтың анасы Әлия Махамбетова да тергеудің әділ өткенін сұрап отыр. 10 қаңтарда жол полициясы қызметкерлері Иманғалиді ұстап әкетіп, екі айға тергеу абақтысына қамалған.
Анасы ұлын «Динамо» стадионында азаптап, күш көрсетіп жауап алғанын айтады. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабының 2 тармағы, 380-бабының 3-тармағы 1,4,8-тармақшаларымен айып тағылып отыр.
«Мен тергеу әділетсіз жүріп жатыр деп есептеймін. Тергеушілердің әрекетіне қарсымын. Олардың ұлымды азаптап, күш көрсетіп алған жауабы заңсыз. Ұлыма тағылып отырған айыптармен келіспеймін. Осы уақытқа дейін қалалық полиция басқармасына, полиция департаментіне, прокуратураға жазған арыздарымның ешқайсы қаралған жоқ. Енді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұлыма араша сұраймын. Ол ешқандай террорист емес. Оны бостандыққа шығаруды талап етемін», - дейді Махамбетова.
Ол ұлының ұсталғаны туралы төрт күн бойы білмеген, Иманғалиді сонша күн іздеумен болған. Кейін тергеуші ұялы телефон арқылы мән-жайды хабарлаған. Ұлын ұстап әкеткен жерде көлігі қалған, тіпті тоналған. Жоғалған заттары әлі табылмай отыр. Айтуынша, ұлы марқұм Алмаз Берекеновке оқ тигенін өз көзімен көрген. Адамдарға қарсы оқ атады деп ойламаған ұлы бұдан шок алып, Алмазды жерде жатқан полиция қалқанымен сүйреген.
«Менің балам наразылығын айтып шыққан түрлі қазақ баласымен бірге бейбіт шеруге шыққан. Ал сосын халыққа қарсы газ қолданылып, соңы түрлі жанжалға ұласып, көздері түтіннен удай ашып, тұншығып жатқанда ұлым ол жерден кетпей, көмектеспек болған. Сондай дүрбелең кезінде қорған ретінде қалқанды ұстап, үйге келген. Біз кейін қалқанды полицияға өзіміз апарып бердік», - дейді мұңын шаққан ана.
Асылзат Төлеуова есімді күйеуін балаларының көзінше ұрып-соққанын айтады. 8 қаңтар күні кешкі сағат 23:00-де орган қызметкерлері 24 жастағы күйеуіне күш көрсетіп, тіпті араша түскен әйеліне қару тақап қорқытқан. Осының бәрін көрген балалар қатты шошып қалған.
Думан Кенжебайға ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабының 2 тармағы, 380-бабының 3-тармағы 1,4-тармақшаларымен айып тағылып отыр.
«Күйеуім Думан Кенжебай бір айдан астам уақыттан бері тергеу абақтысында жатыр. Оны алып кетуге келгенде Думан іш киіммен жүрген еді. Сол күйінде алып кетеміз деп қорқытты. Мен оны киіндіріп жібердім, бірақ, сыртқы киімін кигізбеді. Мен де тергеу әділетсіз жүріп жатыр деп есептеймін. Оны әуелі «Динамо» стадионына апарып, аямай сабап, азаптап, құжаттарға қорқытып қол қойдырып алған. Қол қоюға келіспеген кезде оған екі таңдау ұсынған: 5-қабаттан секіру немесе құжаттарға қол қойып 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын алу.
Думан – үйдегі жалғыз асыраушымыз. Біздің үш баламыз бар. Үшеуі де тым кішкентай. Үлкені алты жаста, ортаншысы үште, кенжеміз алты айлық. Балаларым қазір шошып қалған. «Папаны мылтықпен атып жатыр» деп түнде қорқып жылайды, - дейді Асылзат.
Үндеу жариялаған әйелдер адвокат жалдау үшін 1 млн теңге несие алғанын айтады. Олар тергеудің әділ өтуін және қамауда отырғандарды үйқамаққа немесе кепілдікпен босатуды талап етеді.