Оралда полицей ер адамды көлігімен қағып, қашып кеткен
Алған жарақаттары салдарынан 58 жастағы азамат оқиға орнында көз жұмды
Оралда полиция қызметкері 58 жастағы ер адамды автокөлігімен қағып, қашып кеткен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, оқиға 18 қыркүйек күні сағат 00.47-де Б.Момышұлы көшесінде болған.
Жүргізуші 1964 жылғы жаяу адамды автокөлігімен қағып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Алған жарақаттары салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.
Жедел іздестіру іс-шарасы барысында 21 қыркүйек күні осы қылмысқа күдікті ретінде 1992 жылғы тұрғын ұсталып, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдікті полиция қызметкері болып шықты. Hyundai автокөлігі арнайы тұраққа қойылды, – деп мәлімдеді БҚО полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы Ернар Жақсыбаев.
БҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Мирхат Әженовтің мәлім еткеніндей, күдіктінің полиция қызметкері болғанына қарамастан, осындай қатаң шаралар қабылданды.
«Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бірқатар сараптама тағайындалды. Аталған іс департамент қана емес, Ішкі істер министрлігі басшылығының да бақылауында», – деді Мирхат Әженов.