×

Шымкенттегі колледж студентінің өлімі: марқұмның анасы кешірім бермейтінін айтты

Күдіктілер әлі қамауға алынбаған

Шымкентте Манап Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінің 1-курс студенті жатақханада қайтыс болды. Марқұмның туыстары кінәлі студенттерді жауапқа тартуды сұрап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

15 жастағы Нұрхат Дүйсен отбасындағы жалғыз ұл бала, 4 әпкесі бар. Бүгін оның туыстары колледж ғимаратына жиналды. Олардың сөзінше, колледж қызметкерлері қара жамылған отбасыға көңіл айтпаған.

Сондай-ақ туыстары білім ордасында Нұрхатқа әлімжеттік көрсетілгеніне сенімді.

Нұрхат Шымкентке келгелі туған-туыстардан жиі ақша сұраған. Бәрінен сұраған. Бірінде мың теңге, 2 мың, 5 мың теңгеден алған. Мұның бәрі бекер емес қой. Демек, жатақханада біреулер ақша сұрайтын болған. Жалғыз ұлымды өлтіріп әкелді. Менің жаным соған күйіп барады, -  дейді марқұмның анасы Айжан Қашағанова.

Колледжге марқұмның анасы да барды. Бастапқыда күзетшілер олардың ғимаратқа кіруіне қарсы болған, кейіннен марқұмның туыстары қойған сұраққа жауап беретін адам табылмады.

Колледж директорының денсаулығына байланысты бүгін демалысқа шыққаны белгілі болды.

Марқұмның ата-анасы ұлының өліміне оқытушылардың да кінәсі бар екенін айтады. Олар мекемедегі әлімжеттікке көз жұма қараған.

Туыстарының айтуынша, оқудың алғашқы күнінде-ақ қысымға ұшыраған Нұрхат Дүйсеннің жағдайына топ кураторы куә болған. Мәселені өзі шешетінін айтып, жасөспірімді жатақханаға жіберген.

«Ұлым соңғы келгенінде қатты қиналып жүргенін айтты. Бірақ бәрін жеңемін деп сөз берген еді. Пәтерге шығаруды да өтінді. Бірнеше бала келісіп қойыпты. Енді келгенде осы тақырып бойынша ашық сөйлесемін деп отырған едім. Бірақ баламның өзі емес, өлігі келді», - дейді Айжан Қашағанова.

Айта кетейік, бұл жағдайға қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы («денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Туыстары тергеуге күмәнмен қарап отыр. Себебі қылмыстық кодекстің бабын тым жеңіл деп санайды.

Сондай-ақ Нұрхат Дүйсенді ұрғандардың қамауға алынбағанына да наразы.

Шымкенттің білім басқармасы жағдайға қатысты пікір білдірді. Басқарма басшысы Жанат Тәжиева мәселені комиссия зерттеуінен кейін қарауға уәде берді.

Білім басқармасы тарапынан зерделеу комиссиясы құрылып, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған мәселе бойынша ашық түрде қала басшысының орынбасарымен тәртіптік кеңесте қараймыз, - дейді Жанат Тәжиева.

Шымкенттегі Манап Өтебаев атындағы колледж жатақханасында 105 ер бала тұрады. Жатақханадағы студенттердің 70 пайызы – жігіттер.

Айта кетейік, 22 қыркүйек түнгі бір шамасында Шымкенттегі жатақханадан студенттің мәйіті табылды.

24 қыркүйекте Шымкентте 1-курс студентінің өліміне қатысы бар деген күдікпен екі адам ұсталды. 

«Куәгерлердің айтуынша, студенттердің бірі жігітті кеудесінен, ал екіншісі иығынан ұрған. Салдарынан ол кенеттен өзін нашар сезінген. Студенттер жедел-жәрдем шақырған, бірақ медицина қызметкерлері олар келгенге дейін қайтыс болған жас жігітке көмек көрсетіп үлгермеді», - дейді Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Талғат Әбуов.

Іс бойынша екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама