Оқиға орнында 2 жедел жәрдем көлігі, 6 полиция қызметкері жұмыс істеді
Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасы №33 орта мектебінде болған оқыс оқиға туралы мәлімдеді.
23 қыркүйек күні сағат 11:00 шамасында Ленин кентінде Макаренко көшесі, 14 мекенжайындағы №33 орта мектепте белгісіз біреу 2-қабаттың дәлізіне баллоннан бұрышты сұйықтық шашқан, - деді басқарма басшысының орынбасары Тілекжан Галлямов.
Оқиға орнында 2 жедел жәрдем көлігі, 6 полиция қызметкері және қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жұмыс істеді. Мектеп ғимаратынан 672 оқушы эвакуацияланып, 15 бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір балалар ауруханадан шығарылған.
Барлығы – 4а және 4б-сыныбының оқушылары. Ауыр жағдайда түскен балалар болған жоқ. Оқушыларды педиатрлар қарап шықты. Екі балаға орташа ауырлықтағы улану диагнозы белгіленіп, ауруханаға жатқызу ұсынылды. Ем тағайындалып, система қойылды. Дегенмен жағдайлары жақсы болған соң ата-аналары ауруханаға жатқызудан бас тартты, - делінген басқарма хабарламасында.
Кейбір балаларда жеңіл дәрежеде улану белгілері байқалса, енді бірінде ешқандай белгілер болмаған.