Екі адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді
Жетісу облысында жол талғамайтын көлік аударылып, салдарынан бір адам көз жұмды, екі адам түрлі дене жарақаттарын алған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жол апаты 23 қыркүйек күні таңертең Кербұлақ ауданының аумағында болған. Toyota Land Cruiser Prado көлігінің 39 жастағы ер адам рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен.
Жол апатынан жеке басы әлі анықталмаған жолаушы ер адам қайтыс болды. Жүргізуші мен жолаушы жақын маңдағы ауруханаға түрлі жарақаттармен жеткізілді.
Зардап шеккендердің бірінің айтуы бойынша, жүргізуші көлік жолына шығып бара жатқан атты айналып өтуге тырысқан. Қазіргі кезде айғақ тексеріліп жатыр.
Аталған дерек бойынша тергеу ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігіне (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сәйкес жүргізіліп жатыр.