×

Елімізде 10 мыңға жуық адам туберкулез диагнозымен тіркеуге алынған

Ай сайын індетпен күресуге бюджеттен 1,8 миллиард теңге қарастырылған

 Еркеғали Болатұлы 23.09.2022 | 11:50
фото: ашық дереккөз

Елімізде туберкулез диагнозымен 10 мыңға жуық науқас тіркеуде тұр. Оның 70 пайыздан астамы қоғамға қауіпті емес. Әлеуметтік осал топтың ауруы саналатын бұл індетпен күресті COVID-19 пандемиясы қиындатып жіберген. Қос ауру да қос өкпеден алатындықтан, короновирус таралғалы әлем бойынша Кох таяқшасын жұқтыратындардың да саны артқан.

КТК телеарнасының хабарлауынша, әлемде туберкулезден жылына 1,5 миллион адам бақилық болады екен. Алматыда өткен «Туберкулез індетін Орталық Азияда жою» атты VI халықаралық конференцияда мамандар дерттің таралмау жолдарын талқылады.

Дәрігерлердің айтуынша, елімізде кеселмен күрес барынша қолға алынған. Құрт ауруымен ауыратындардың көбі – 25-50 жас аралығындағы адамдар. Қазір соңғы технологиямен індеттің бар-жоғын екі сағаттың ішінде анықтауға болады екен. Ол үшін 148 аппарат жүйелі түрде жұмыс істеп тұр.

Негізі туберкулезге қарсы екпе сәби туғаннан кейін екі-үш күн өте салынады. Ал 2017 жылдан бастап оның 4 түрі шыққан. Бұған қоса, ай сайын індетпен күресуге бюджеттен 1,8 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат әр науқастың еміне ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде бекітілген. Сондай-ақ туберкулезді емдеу, диагностикалау ауруханаларда тегін жүргізіледі.

«Жаңа технологияларды қолданғанның арқасында біз туберкулезді ерте анықтап отырмыз. Жаңадан басталған кезінде. Ол кезде туберкулездің басқаға жұқтыру мүмкіншілігі жоқ. Қазір дүниежүзінде бірнеше зертханада осындай мәлімет бар. Жаңа вакциналар іздестіріп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сол тиімді вакцина екенін дәлелдеп, басқа елдерге енгізуге өзінің ұсынысын берсе, біз оны елімізге ендіруге дайынбыз», - дейді Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама