«Әкімнің үйіне барып жатамын»: Шымкентте тұрғындар жарық мәселесін шешуді талап етті
«Қайнарбұлақ» тұрғын алабындағы 450 үй бір трансформаторға қосылған
«Қайнарбұлақ» тұрғын үй алабы Шымкент қаласының құрамына қосылғанына 4 жыл болды. Алайда қазірге дейін тұрғындарға жағдай жасалмаған.
Тұрғындар ауыз суды бір аптаға жететіндей етіп жинайды, қыста пеш жағып, газ баллонды қолданып отыр. Сондай-ақ мұнда жарық жиі өшеді. Себебі 450 үй бір трансформаторға қосылған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«ӘКІМ ҮЙІМДІ КЕЛІП КӨРСІН»
«Жел тұрса, жарық бірден өшеді. Ол бірден қосылса, қуанамыз ғой. Алайда электр үш күннен кейін бір-ақ қосылады. Қазір бәрі жарыққа байланған ғой. Тіпті балалар да сабақты ғаламтор арқылы оқиды. Бірақ біз мұндай бақытқа жете алмай жүрміз», - Шымкент қаласының тұрғыны Клара Құлтаева.
Мұнда тұрғындардың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар. Олардың арасында несиеге алған техникасы да күйіп кеткен жағдай жиі кездеседі. Тұрғындар теледидар мен тоңазытқышты жөндетіп үйренген.
Жарық өшсе, әрқайсысымыздың үйімізде бір-бір техника күйеді. Оның бәрі несиеге алынған. Теледидарды алғаныма бір жыл болмады, ол да күйіп кетті. Тоңазытқыш пен нан пісіретін пешім де іске жарамайды. Мұның әрі ақша. Оны қайта-қайта ала беруге жағдайымыз жетпейді, - дейді көпбалалы ана.
Қаланың бұл бөлігіне газ тартылмаған. Тұрғындар ауыз суды құдықтан алып отыр. Оған да электр тоғы қажет. Сондай-ақ апта сайын суды арнайы көлікпен алып келеді. Соны сақтап ішуге мәжбүр.
«Суды есік алдындағы құдықтан аламын. Оған электр тоғы қажет. Жарық екі күннің бірінде өшеді, үйдегі барлық ыдысты толтырып алуға мәжбүрміз. Қыс түссе, үйде жылу жоқ. Денсаулығыма байланысты көмір тасуға болмайды. Сондықтан тоқ арқылы жылытатын пеш орнаттым. Жарық сөнсе, көрші үйге барып жылынамыз», - дейді Гүлнар Махамова.
Сондай-ақ әйел қыста жылу да электр тоғына байланысты қосылатынын айтады.
«Биыл жарықты қосып бермесеңізде, үйімде қызыммен бірге қатып қаламын. Мені тыңдайтын адам бар ма?! Жалғызбасты әйелмін, осы үйді ақша жинап жүріп өзім салдым. Биыл маған су мен жарық бермесеңіздер, әкімнің үйіне қызыммен бірге барып жатып аламын. Амалым жоқ. Болмаса, қыста әкім келіп үйді көрсін», - дейді әйел.
75 КҮН КҮТУ ҚАЖЕТ
Тұрғындардың ауыз су, жарық пен газ мәселесі жақын арада шешілмеуі мүмкін. Себебі жарық жүргізу үшін мемлекеттік сатып алудан жолдама алған мекеменің өзі қазір сот арқылы жұмысын тоқтатқан. Енді әкімдік бұл жұмысты атқаратын жаңа компанияны іздеп жатыр.
«Мердігермен келісімшарт бұзылғаннан кейін жаңа мердігерді анықтау үшін жобаны қайта тексерістен өткізіп, қалған жұмыстарды бөліп, жаңа мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсына шығардық. Ол қыркүйекте жарияланды. Оның нәтижесі 75 күннің ішінде белгілі болады. Бірақ жұмысты биыл аяқтаймыз деп уәде бере алмаймыз. Жұмыс 2023 жылдың тамызында аяқталуы мүмкін», - дейді энергетика және инфрақұрылым дамыту басқармасының бөлім басшысы Шоқан Айдарбек.
«Қайнарбұлақ» тұрғын үй алабына сапалы жарық жүргізу үшін бюджеттен 2,5 миллиард теңге қарастырылған. Қазірге дейін 1 миллиард теңгесі бөлінген. Алайда жұмыстың жартысы аяқталмаған күйде тұр.
Айта кетейік, «Қайнарбұлақ» тұрғын үй алабында мыңға жуық отбасы тұрады. Олардың жартысы ауыз суды үй алдындағы құдықтан ішіп отыр, енді қалғаны апта сайын келетін су тасығыш көліктен сатып алады.
«Қайнарбұлақ» тұрғын үй алабына жауапты Қаратау әкімдігінің хабарлауынша, аумаққа газ құбырын жүргізу жоспарланып отыр. Олар сондай-ақ ауыз су құбыры да көше-көшемен төселіп келе жатқанын айтты.
КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛМЕГЕН
Коммуналдық жүйесі жолға қойылмаған «Қайнарбұлақ» тұрғындарының мұңы мұнымен бітпейді. Жел тұрса, жарықтан қағылатын жұрт жаңбыр жауса да тұрғын үй алабының түгел батпаққа айналатынын айтады.
Себебі көшелерге не тас, не асфальт төселмеген. Соның салдарынан оқушылар мектеп басталған кезде сабаққа аяқ киімінің сыртынан целлофан киіп барады. Содан кейін тұрғындар әкімдікке барып, көшеге қиыршық тас төсеуді сұраған. Алайда тұрғындардың сөзін ешкім елемеген.
«Қыстыгүні немереме аяқ киім шақ келмейді. Жаңбыр, қар жауса болды көше лайға айналып, батпақтан көз ашпай қаламыз. Лай болған етікті тазалаумен уақыт өтеді. Оны тазалауға да су керек. Ал бізде су да тапшы. Шынын айтқанда, сегіз жылдан бері шаршап кеттік. Қала түгілі, қазір ауылдағы елдің жағдайы бізден тәуір шығар?!», - дейді «Қайнарбұлақ» тұрғыны Клара Құлтаева.
Қаратау ауданына қарасты «Қайнарбұлақ» тұрғын үй алабында 8 мыңнан аса тұрғын бар. Бұған дейін қала әкімдігі тұрғындардың ауыз су мәселесі 2023 жылы шешілетінін айтты. Сондай-ақ табиғи газ тарту жұмыстары да 2023 жылы толық аяқталуға тиіс. Асфальттау жұмыстары 2023 жылы инфрақұрылым жүйелері аяқталған соң жүргізіледі.