Әкімдік екі жыл бұрын көшедегі құбырды жөндейміз деп жолдың астаң-кестеңін шығарған
Тараз қаласындағы орталық көшелердің бірі саналатын Қапал көшесі 40 жылдан бері жөнделмеген. Қазір көше шұрқ тесік күйде жатыр.
Тұрғындардың сөзінше, осыдан екі жыл бұрын әкімдік көше құбырын жөндейміз деп жолдың астаң-кестеңін шығарған. Енді тұрғындар жыл сайын жамай бермей, жаңадан асфальт төсеуді талап етті, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Жылда келіп жамайды. Неге қайта-қайта жамайсыңдар деп сұраймыз. Өтірік жасағаннан пайда жоқ қой. Міне, ойылып-ойылып жатыр. Такси тоқтатсақ, бұл көшенің атын айтқаннан бас тартады. Орталықта тұрамыз дегеніміз болмаса, жолдың жағдайы қиын», - дейді Тараз қаласының тұрғыны Орынбасар Омаров.
40 жылдан бері қырық жамау күйге түскен көшеде қоғамдық көліктің қатынауы да қиын, дейді тұрғындар.
Автобус жүргізушілері де жыл сайын көлік дөңгелегін ауыстырудан шаршаған. Кейінгі кезде бұл көшедегі аялдамаға тоқтамай, басқа жолды айналып өтеді. Бұған тұрғындардың да еті үйренген.
Жолдың жағдайы нашар. Автобус күн сайын бұзылады. Қазір бір дөңгелектің өзі 60-70 мың теңге тұрады. Оны қалтамыз көтере бермейді. Кейінгі кездері бұл жолмен жүрмейтін болдық. Басқа көшемен айналып өтеміз. Осылай амалдап жүрміз. Қазір халық автобусқа мінгісі келмейді, - дейді автобус жүргізушісі Оралхан Бегімов.
Олар автобус ішіне шаң кіретініне де наразы.
Тұрғындар бұл көшеде жарық пен балаларға арналған ойын алаңы да жоқ екенін жеткізді.
«Қаланың қақ ортасында тұрсақ та, шетте қалып қойғандай сезінеміз. Қазір бізге жаңа әкім келді ғой. Содан көшемізді жөндеу беруін сұраймыз. Бұған дейін келген әкімдер қарық қылмады. «Қатырамыз» дейді де, кетеді. Жаңа әкім іскерлігін көрсетсін», - дейді қала тұрғыны.
Қапал көшесінің тұрғындары жаңбыр кезінде жолда жүру мүмкін емес екенін айтады. Көктем мен күзде бұл көшеде лайдан аяқ алып жүру мүмкін емес. Сол себепті тұрғындар жолды сүріп, жаңадан асфаальт төсеуді сұрап отыр.
«Жаңбыр жауса серуендеуге де шыға алмай қаламыз. Балалар да велосипед тебе алмайды. Балалар арбасымен жүретін аналар үшін тіпті қиын. Жүру мүмкін емес. Жұмысқа бару үшін резеңке етік киеміз. Бізде жаяу жүргіншілер жолы да жоқ», - дейді Тараз қаласының тұрғыны Айнұр Ерланқызы.
Қала әкімдігінің өкілі тұрғындарды сабырға шақырып, қалада мүлде асфальт жоқ көшелердің бар екенін айтты.
Келесі аптада осы көшені жөндеуге кіріседі. Жұмыстың жалпы құны – шамамен 47 миллион теңге. Қала көшелерінің тек 60 пайызында ғана асфальт бар. Мүлде асфальты жоқ көшелер де бар. Сондықтан сабырлық танытыңыздар, - дейді Тараз қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жол секторының меңгерушісі Дамир Айманов.
Айта кетейік, Таразда 1 388 көше бар, оның 60%-ына асфальт төселген.
Биыл қала жолдарын 45 жоба бойынша орташа жөндеу, 2 жоба бойынша қайта жаңғырту, 12 877 шаршы метрді жөндеу жоспарланған. Алайда битум тапшылығына байланысты бұл жоспарды мерзімінде орындау мүмкін болмай тұр.