Астаналықтарға екі мыңға жуық жұмыс орны ұсынылды
240 адам тұрақты жұмысқа орналасты
Биылғы жылдың басынан бері Астанада бес рет бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңке болды. Оған 300-ге жуық елордалық жұмыс беруші қатысты. Кезекті жәрмеңке «Жастар» сарайында өтті.
Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Астана қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Онда 50 компания қала тұрғындарына 1820-дан астам бос жұмыс орнын ұсынды, – делінген хабарламада.
Астананың халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Бақыт Рақышеваның айтуынша, іс-шараның мақсаты – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнату, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесу.
Жұмыс іздеушілердің айтуынша, жәрмеңкеге қатысу уақытты үнемдейді және бірден бірнеше жұмыс берушімен сұхбаттасуға мүмкіндік береді.
Жұмыс беруші компаниялар мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларына белсенді қатысады. Осындай бағдарламалар аясында мемлекет жұмыспен қамту орталығы арқылы алғашқы айларында 30-дан 100%-ға дейін жалақы төлейді.
Жұмыс берушілердің пікірінше, мұндай бағдарламалар жұмыс іздеушілерге тәжірибе жинауға, ал компанияларға жаңа қызметкердің жұмысын бағалауға мүмкіндік жасайды.
Жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталығы елордалық 296 жұмыс берушінің қатысуымен бес жалпықалалық бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Онда құрылыс, өндіріс, сауда, тұру, тамақтану, қаржы және сақтандыру қызметі мен басқа да қызмет салалары бойынша бос 8 123 орын ұсынылды.
Бос орындар жәрмеңкесіне барлығы екі мыңнан астам жұмыссыз азаматтар қатысты. Жәрмеңкелерді өткізу барысында әңгімелесуге 500 адам шақырылды. Оның ішінде 240 ізденуші тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасты.