Жаңаөзенде жұмыстан шығарылғандар орнында қалғандарға шабуылдап жүр
Фельдшерлердің бірін ауысымынан шыққан соң соққыға жықты
Жаңаөзендік медицина қызметкерлері жұмыстан шығып кеткен әріптестерінен қысым көріп жатқанын айтып шағымданды деп хабарлады Inaktau.kz.
Еске сала кетсек, жедел жәрдем станцияларының қызметкерлері 9 қыркүйекте жалақыны көтеруді талап етіп, митингке шыққан болатын. Ал 14 қыркүйекте жұмыс беруші ол бас көтеруді заңсыз деп тануды талап етіп, қызметкерлердің үстінен сотқа шағым түсірген.
Сот шешімімен көбі жұмыстан шығарылып, қалғандары оларға қолдау ретінде өз еркімен қызметінен кетті. Алайда олар заңсыз митинг кезінде жұмысын жалғастырған әріптестеріне қысым көрсете бастаған.
Олар фельдшерлердің бірін ауысымынан шыққан соң соққыға жықты. Оның денесі көгеріп, қалалық ауруханаға түсті. Сондай-ақ кейбір қызметкерлердің үйінің терезелері сынған. Олар қысымнан құтылу үшін өз еркімен арыз жазған, - деп түсіндірді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмиров.
Оның айтуынша, бұрынғы әріптестері әлі де еңбек демалысында немесе денсаулығына байланысты демалыста жүрген қызметкерлерді жұмыстан шығуға үгіттеп жатқан көрінеді.