×

Түркістан облысында жаппай улануға жол берген дәмхана иесі жазаланды

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тамақтану орнынан бірнеше кемшіліктерді анықтады

 Динара Амантай 22.09.2022 | 16:31
Фото: pitportal.ru

Түркістан облысында биыл тағамдық токсикалық инфекцияға шалдығудың 2 жағдайы тіркеліп, жалпы 15 адам зардап шеккен. Тамақтан уланудың біреуі үй жағдайында орын алса, екіншісі Кентау қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының біріне қатысты. Бұл туралы ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кентаулық 8 азаматтың орталық ауруханаға жатқызылғандығы туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шұғыл хабарлама келгеннен кейін ведомство зерделеу жұмыстарын жүргізген. Оның нәтижесінде тамақтан уланған 3 адамның Кентау қаласындағы дәмханадан суши, пицца , тауық етінен лаваш, чикен жегені анықталды.

Тағы 5 азаматтың дәл сол орыннан тапсырыс арқылы пицца, чикен тағамдарын тұтынып, жедел ішек жұқпасы диагнозымен ауырғаны белгілі болды.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі кәсіпкерлік нысанды тексеру барысында ғимаратқа эпидемиялық мәні жоғары объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысының алынбағандығы, өнімдердің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың болмауы, ірімшік және шұжық өнімдерінің жарамдылық мерзімдерінің өтіп кеткендігі, қызметкерлердің мерзімдік және профилактикалық медициналық қарап тексеруден өтпеуі, жұмысқа рұқсаттарының болмауы сынды т.б кемшіліктер анықтады, – делінген хабарламада.

Дәмхана иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабының 1-тармағына сәйкес 230 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар, аталған нысанға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алмай жұмыс жасағаны үшін аталған Кодекстің 463 бабы 1-тармағына сәйкес хаттама толтырылып, іс-құжаттары сотқа жолданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама