Halyq Uni логотип
×

СҚО-да қойма маңында жайылған мал қырылып қалды

Ауылда тұқым шаруашылығымен айналысатын компанияның қоймасы бар

 Самат Жақып 22.09.2022 | 13:15
СҚО-да қойма маңында жайылған мал қырылып қалды
Коллаж: Халық үні

Солтүстік Қазақстан облысында 34 қой қырылып қалды. Оқиға Шал ақын ауданына қарасты Кривощёково ауылында болған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

19 қыркүйекте ауыл халқының малы «Асыл Логистикс» ЖШС-ға тиесілі қойманың маңында жайылған. Ол нысанның жан-жағы қоршалмаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол жерде түрлі химиялық заттар төгілген. Салдарынан оны ішкен мал бірінен соң бірі қырылған.

«Шамамен осыдан үш жыл бұрын осындай жағдай болған. Яғни, химиялық заттар жерге төгіліп, ол нысан аумағын түгел күйдіріп жіберген еді. Бірақ ол кезде жауаптылар ешқандай шара қолданбады. Компания басшылары бұл аумаққа қиыршық тас төкті. Араға уақыт салып, осындай жағдай тағы да қайталанып жатыр. Нысан сол күйі қоршалмады. Өрістен қайтан мал төгілген химиялық затты ішіп, қырылып жатыр», - дейді аты-жөнін атамауды сұраған Кривощёково ауылының тұрғыны.

Ауылда 700-ге жуық адам тұрады. Енді тұрғындар балаларға зияны тисе, оған кім жауап береді деп отыр.

Қазір өлген малдың өлексесі жойылды. Ветеринарлардың болжамы бойынша, олар уланып қалған.

19 қыркүйекте түнде шақырту түсті. Ертеңі мамандар ауылға барып, өлген малдан сынама алды. Оны облыстағы ветеринариялық зертханаға жібердік. Алдын ала қорытындысы бойынша қойлар уланып қалған. Бірақ бұл нақты қорытынды емес, - дейді Шал ақын ауданы ветеринарлық станцияның директоры Жанат Әміржанов.

Үш тұрғынға келген шығынды «Асыл Логистикс» ЖШС өтеп береді. Компания өлген малдың әрқайсысы үшін шамамен 60 000 теңгеден төлейді.

Тұрғындардың айтуынша, «Асыл Логистикс» ЖШС-ның Новопокровка ауылы маңында да агрохимикаттарды сақтайтын қоймасы бар.

Ол көлден шамамен 100 метр жерде жатыр. Ол төгіліп, суға ақса не болады? Ол көлден халық су алады, шомылады, малын суарады, - дейді ауыл тұрғыны.

Новопокровка ауылындағы экология департаментінің мамандары тексеріс жүргізген. Нәтижесінде сұйық тыңайтқыштарды сақтау кезінде экологиялық талап нормалары сақталмағаны, экологиялық сараптама жасалмағаны анықталды.

«ЖШС-ға қатысты бұзушылықтар үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 324-бабы («қоршаған ортаны қорғау жөнiндегiсанитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзу»), 332-бабы («мемлекеттiк экологиялық сараптаманы мiндеттi түрде жүргізу туралы талаптарын орындамау») бойынша хаттама толтырылып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді», - делінген департамент таратқан ақпаратта.

Алайда кәсіпорын тексеру нәтижесімен келіспей, СҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына арыз жазды. Осылайша тексеру нәтижелері актісін және бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы заңсыз деп тану туралы талап арыз берді.

Сот шешімімен «Асыл логистикс» ЖШС талап арызы қанағаттандырылмады.

Сонымен қатар департамент 26 тамызда СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына экологиялық заңнама талаптарын бұзған нысанның қызметін тоқтата тұру туралы талап арыз жолдаған. Нәтижесінде азаматтық іс қозғалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама