×

Министрлік оқулықтардағы қателер туралы ақпаратқа қатысты жауап берді

Маман әртүрлі себептерге байланысты болған ескертпелерді 5 топқа бөлген

 Динара Амантай 22.09.2022 | 12:16
Фото: ашық дереккөз

Оқу жылының басынан бері әлеуметтік желілерде жарияланған оқулықтардағы қателер туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының басшысы Елдос Нұрланов Facebook-тегі парақшасында жазба жариялады.

Елдос Нұрланов 5-21 қыркүйекте әлеуметтік желілер мен БАҚ-та шыққан оқулықтардың сапасына қатысты сындарды тексере келе, олардың шындыққа жанаспайтындығын жеткізді.

Осы уақыт аралығында BMSO тексеріп, түсіндірме берген жарияланым саны – 16. Оның барлығы дерлік расталмады, өйткені оқулық пен ОӘК-нің «қатесі» я «кемшілігі» деп келтірілген ақпарат іс жүзінде олқы болмады, – деп жазды ол.

Оның айтуынша, айтылған ескертпелер әртүрлі себептерге байланысты болған. Маман оларды 5 топқа бөлген.

I. «Пост авторының қате пайымы немесе ақпаратты тексермей жариялауы». Бұл топқа келесі 5 пост жатады: (1) желі қолданушысы сан разрядын 0 санымен шатастырған (түсіндірме алған соң постын өшірді); (2, 3) қолданушы «жазбаша сөйлеу» ұғымы барын ұмытып кеткен, сонымен қатар «Қазақ тілі» мен «Ана тілі» екі бөлек пән екенін білмеген немесе ескермеген (видеомен кешірім сұрап, постын өшірді); (4, 5) орыс батырлары туралы жырды мұғалім оқулықтан тыс дереккөзден алып, үй жұмысына тапсырған (қолданушы мектепті атамады және мәселенің мектепте шешілетінін хабарлады).

II. «Қалың көпшілік арасында ТерминКом 2000-жылдары бекіткен кейбір қазақ сөздері емлесінің сіңбеуі» (3 пост). Бұл жайт көптен бері көтеріліп келеді. 2016 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бұған байланысты түсініктеме берген болатын. Институт өкілдері қоғам пікірін ескере отырып, жаңа және үйреншікті емлені қатар қолдануды ұсынды: қыргүйек/қыркүйек, көгөніс/көкөніс, шегара/шекара және т.с.с.

III. «Оқулықтың контрафакт көшірмесі» (3 пост). Ата-аналар 2-ші және 4-сынып оқулықтарында беттердің төңкеріліп не шатасып басылуын видеоға түсіріп көрсеткен. Тексере келгенде, «Алматыкітап» пен «Атамұра» баспа үйлерінің түпнұсқа оқулықтарында мұндай полиграфиялық ақаулардың кездеспейтіні белгілі болды. Желі қолданушының бірі кейін оқулықтарды мектеп кітапханасынан емес, бейресми сауда-саттық нүктесінен алғанын мойындады. Енді бір қолданушы видеоны бір реттік аккаунттан жариялап, байланысқа шықпай қойды.

IV. Бұл топта келесі себептер біріктірілген:

– «Оқу бағдарламасының мазмұнынан хабарсыздық немесе субъективті пікір» (2 пост) – желі қолданушылары оқулықтағы әңгімелердің үзінділерін сынады. Талдай келгенде, әңгімелердің тәрбиелік мәні зор, балаларға арналған әдебиеттің классигі В.Ю. Драгунскийдің шығармаларынан алынғаны белгілі болды. Бұл қолданыстағы «Литературное чтение» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасына толығымен сәйкес келеді;

– «Оқулықтағы сөйлем мен сөзді қазақ тілінен орысшаға тікелей аудару (2 пост) – (1) «көгөністен жасалатын тағамдарды ата» – «назови блюда из газона». Бұл жаңдайда желі қолданушысы постты өшірмеді, оның пікірінше қате аударма емледен болды; (2) «тыйым сөз» – «запретные слова», мұнда қолданушы, тыйым сөзді балағат сөзбен шатастырған. Түсіндірмеден кейін алғыс білдіріп, постын өшірді.

V. «Орфоэпиядан хабарсыздық» (1 пост). 2-сынып «Әдебиеттік оқу» оқулығында «көңілді» сөзінің айтылуы мен жазылуында айырмашылықтың бары кестемен көрсетілген: көңүлдү / көңілді. Желі қолданушысы мұны қатеге балап, оқулық авторларын қазақ сөздерін бұрмалап отыр деп айыптады.

Жазба соңында автор әлеуметтік желі қолданушыларын оқулық туралы сын жазбас бұрын, я болмаса, өзгенің сыни постын бөліспес бұрын ақпаратты тексеруді өтінді. Сондай-ақ, ведомствоның Call-орталығына (8-708-425-06-29, WhatsApp) және электронды поштаға (info@bmso.kz) жүгінуге болатынын жеткізді.

«Мектеп оқулықтары туралы жалған ақпарат ұлттық білім беру жүйесінің беделіне нұқсан келтіріп, жағымсыз ой-пікірлердің тарауына әкеп соғатынын ескергейсіз», – деп түйіндеді Елдос Нұрланов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама