Жаңаөзен мен Мұнайлы ауданында жұмыстан 19 қызметкер босатылып, 25 фельдшер мен 13 көлік жүргізуші солардың соңынан кетті
Маңғыстау облысында жалақы көтеруді талап еткен фельдшерлер жаппай жұмыссыз қалды. Қазір жедел жәрдем қызметі тоқтап қалмас үшін басшылық олардың орнына басқа адамдарды алып жатыр екен.
Бұл ретте жедел жәрдем қызметкерлерінің бір аптаға созылған ереуілін сот заңсыз деп таныған. Сондықтан Жаңаөзен мен Мұнайлы ауданында жұмыстан 19 қызметкер босатылған. Сонымен қатар, 25 фельдшер мен 13 көлік жүргізуші әріптестерін қолдап, жұмыстан өз еріктерімен кету жөнінде өтініш жазған.
Денсаулық сақтау басқармасындағылар жұмысқа қайта оралуға мүмкіндік бергенмен, наразы топ айтқан бетінен қайтпапты. Сондықтан бос орындарға жаңа қызметкерлер амалсыз алынып жатыр екен.
Осылайша, тұралап қалған жедел жәрдем қызметі жаңа мамандармен қайта жанданып, әкімдік жергілікті бюджеттен еңбекақыға үстеме ақы ретінде 236 миллион теңге бөлген. Осы ақшаның есебінен жыл соңына дейін жүргізушілерге – 90 мың, фельдшерлерге – 40 мың, ал санитарларға 30 мың теңгеден үстеме төленетін болды.
Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осы бас көтеруге қатысты «жедел көмек көрсететін қызметкерлер өздерінің қызмет орнын тастап кетіп, соның салдарынан науқастың жағдайы күрт нашарласа, денсаулығына байланысты адам өмірі қиылып жатса, онда сот деңгейінде қатаң тексерулер болуы мүмкін» екенін ескерткен болатын.