×

Петропавлда көпқабатты үйде өрт шығып, 70-ке жуық адам эвакуацияланды

Өрт 4 сағаттан кейін толық сөндірілді

 Динара Амантай 22.09.2022 | 10:49
Фото: СҚО ТЖД баспасөз қызметі

Петропавлда көпқабатты үйдің жертөлесінде өрт шығып, 68 адам қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды Hаlyq Uni тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға кеше Петропавлдағы Абай көшесі, 69 мекенжайында болған. Сағат 12:15-те ведомствоның жедел басқару орталығына 4 қабатты үйдің жертөлесінде өрт шыққандығы туралы хабар түседі. Оқиға орнына бірден 3 өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері және жедел-құтқару отряды аттанды. Оқиға орнына келген мамандар өрттің жертөледегі 8 шаршы метрлік бөлмеден шыққанын анықтаған. Күш алған жалын вентиляциялық шахтамен сол үйге жапсарлас салынған «Орбита» дүкеніне жайылған, қабырғалары мен едені жана бастаған екен.

Құтқарушылар алдымен үйден 68 адамды, соның ішінде 8 баланы эвакуациялады. Жалынмен күреске 9 техника мен 25 маман жұмылдырылды. Өртті тек 4 сағаттан кейін ғана толық сөндіру мүмкін болды.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, келген шығын мөлшері анықталатын болады.

Алдын ала болжам бойынша, өрт сол арада жұмыс істеген «болгарка» құралынан ұшқан ұшқыннан шығуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама